Жергілікті әуесқой кинорежиссер Дамир Макимкенов «Әке мәртебесі» атты қысқа метражды фильм түсіріп, ол әлеуметтік желі арқылы көрсетіле бастады.
Бұл – өзіндік ізденіске құштар жерлесіміздің жұртшылық назарына ұсынған екінші туындысы. Фильмнің жарыққа шыққанына көп уақыт өтпесе де, көпшіліктің жылы ықыласына бөленіп үлгерді.
Жаңа шығармаға қарапайым аула сыпырушысының жұпыны тірлігі мен дәулетті ата-анасының арқасында шалқи өмір сүрген бай бозбала арқау етілген. Екі жас – қысқа метражды фильмнің басты кейіпкерлері. Қарапайым отбасының қызына ғашық болған жігіт оның туыстарымен танысуға келіп, өзінің тәрбиесіз қылықтарын көрсетіп алады. Алайда, оның оспадар мінезіне ақылын қарсы қойған әке мәселені байыппен шеше біледі.
«Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет». Фильмнің басты лейтмотиві – осы. Жасыратыны жоқ, ата-ананың қаражатына бұлғақтап өсіп, кеуде қаққан, тайраң басқан желөкпе жастар арамызда аз емес. Режиссер өскелең ұрпақты осындай жаман дағдылардан жиренуге, керісінше, парасаттылық, сыйласымдылық сияқты асыл қасиеттерді үйренуге үндейді. Жақсы тәлім-тәрбие алдымен от басы, ошақ қасынан басталатынын ұқтыруға ұмтылады. Еңбекпен тапқан нан қашан да тәтті деген ой тастайды. Әлеуметтік мағынасы терең кинода төрт актер ғана ойнайды. Екеуі облыстық қуаршақ театрының өнерпаздары болса, екеуі – қала тұрғындары.
Фильмнің режиссері де, сценарий авторы да – Дамир Макимкенов. Оның негізгі кәсібі – такси жүргізуші. Арнайы мамандығы болмаса да, кино түсіру хоббиына айналған.
«Жол жөндеу жұмыстарын, күзетшілік қызмет атқардым. Қазір такси жүргізушімін. Бірде кино түсірсем деген әуесқойлық сезім жеңді де, кейін төселіп кеттім», –дейді жерлесіміз.
Биыл жазда оның «Атай » атты фильмі көрерменге жол тартқан болатын.