Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада бірқатар азаматтарға мемлекеттік награда табыстады. Қызылжар өңірінен «Мәмбетов және К» коммандиттік серіктестігінің механизаторы Мұрат Қаражұмановқа агроөнеркәсіп кешенін дамытуға зор үлес қосқаны үшін ең жоғары марапат – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді, Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды. Жоғары марапат алған жерлесімізді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қабылдап, құрмет көрсетті.
Мұрат Кеңесұлы – ауыл шаруашылығына өмірін арнаған еңбек әулетінің лайықты өкілі. Қаражұмановтар әулетінің жалпы еңбек өтілі 600 жылдан асады. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы мен туған жерге деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.
– Екінші жыл қатарынан облысымыз рекордтық өнім жинады. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы – жеке жетістік қана емес, барша ауыл еңбеккерлерінің маңдай теріне берілген жоғары баға. Еліміздің айшықты мерекесі Республика күні қарсаңында өңірімізден 39 адам мемлекет басшысының жарлығымен марапатқа ие болды, – деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Марапат иесін Парламент Мәжілісінің депутаты Еркебұлан Мәмбетов, облыстың құрметті азаматы Құдайберген Қалиев, «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко, Бексейіт ауылынан келген жерлесі Жеңіс Кенжетаев, Жәлел Қизатов атындағы жоғары ауыл шаруашылығы колледжінің студенті Евгений Капуев құттықтады.
Перизат ӘМІР,
«Soltüstık Qazaqstan».