«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жерлесіміз — жеңімпаз

Астана қаласында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен “Кәсіпқор” холдингі бірлесіп ұйымдастырған “WorldSkills Kazakhstan – 2016” екінші ұлттық чемпионаты өтті. Оған Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті Евгений Смирнов қатысып, жеңіспен оралды.

Жас мамандардың кәсіби дағдылары мен біліктіліктерін көрсетуге мүмкіндік беретін “WorldSkills” қозғалысына еліміздің 14 өңірі және Астана, Алматы қалаларынан 136 үміткер қатысты. Байқаудың тапсырмасына сәйкес үміткерлер “Кнауф” беттерінен каркасты-қаптауыш құрылым құрастыру, оның бетін тегістеу, гипс бөлшектерін және “фристайл” еркін стилін даярлау сияқты тапсырмаларды орындады.

Сайысқа қатысушылардың жұмыс нәтижесін жоғары білікті мамандар, сарапшылар бағалады. Колледж бен облыс намысын “Құрғақ құрылыс пен сылақ жұмыстары” біліктілігі бойынша қорғаған Евгений Смирнов тиісті 100 ұпайдың 96-сын жинап, ұлттық чемпионаттың жеңімпазы атанды.

Евгений Смирнов жеңімпаздың алтын медалі мен сертификатына ие болды. Сонымен қатар, оған “DEG бар Кнауф Гипс Қапшағай кәсіпорны” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 100 мың теңгенің грантын табыстады. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу үшін Түркияға шақырту алды.

Ұлттық чемпионаттың қорытындысы бойынша еліміздің құрама командасы құрылды. Олар желтоқсан айында Швецияның Гетеборг қаласында өтетін “EuroSkills” халықаралық турнирінде Қазақстанның намысын қорғайтын болады. Жарыстың еуропалық кезеңінің жеңімпаздары Дубай қаласында өтетін бүкіләлемдік чемпионатқа жолдама алады.

Иван СЛИПЕЦКИЙ,

Солтүстік Қазақстан

кәсіптік-педагогикалық колледжінің оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp