
Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Дина Құдабаева “Қазақстан мұғалімі – 2020” ұлттық сыйлығының иегері атанды. Жерлесімізге бұл марапат Алматыдағы Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясында өткен салтанатты жиында табысталды. Global Education and Skills Forum шарасына әлемнің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық мемлекет және қоғам қайраткерлері, бизнесмендер, мұғалімдер мен филантроптар қатысып, білім саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, өзекті мәселелер төңірегінде дискуссия құрды.
Үздіктер қатарынан көрінген Дина Айтжанқызы – еліміздің және Ресей Федерациясының физика-математика ғылымдарының кандидаты, физика пәні мұғалімдері әдістемелік бірлестігінің жетекшісі. 2015 жылдан бері оқушылардың түрлі білім сайыстарында үздіктер қатарынан көрінуіне атсалысып келеді. Мысалы, бір топ шәкірті астрономия және физиканың осызаманғы проблемалары тақырыбындағы республикалық турнирлерде және республикалық “Ғылым әлемі” ғылыми-зерттеу конкурсында жүлде алған. Ол әріптестері арасында тәжірибелі маман ретінде танылып, “Үздік ұстаз” аталымына ие болған. Сондай-ақ, жерлесіміз әдістемелік бірлестік жетекшісі ретінде тәжірибе тарату мақсатында қала және облыс мектептерінің мұғалімдеріне арналған шеберлік сыныптарын өткізіп тұрады. Дина Айтжанқызы – өзін-өзі дамыту мақсатында да үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаздардың бірі.
Дауыс берудің екінші кезеңінің қорытындысы бойынша Қазақстанның атынан “Әлем мұғалімі” жаһандық сыйлығына жолдау алып, финалға шыққан он тәлімгердің қатарында Дина Құдабаеваның еңбегі жоғары бағаланды. Озық мұғалімдерді анықтау, олардың бастамаларын қолдау, сондай-ақ, елімізде педагог кадрлардың беделін арттыру мақсатын көздеген ұлттық сыйлықтың іріктеу және бағалау жұмысының ашықтығы “PricewaterhouseCoopers” халықаралық аудиторлық компаниясының қадағалауымен жүргізілген.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Д.Құдабаева.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.