«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕРЛЕС ЖАЗУШЫ АТЫНДАҒЫ МҰРАЖАЙ

Облыс орталығындағы гуманитарлық-техникалық колледжде “Парасат” орденінің иегері, жерлес жазушы, қоғам қайраткері Герольд Бельгер атындағы мұражай ашылды. Оның ашылу салтанатына өңір басшысы Ерік Сұлтанов қатысты.

Герольд Карлович саналы ғұмырын Алматыда өткізсе де, Шал ақын ауданындағы Ыбыраев ауылымен байланысын бір сәтке де үзген жоқ. Бұған мұражай сөрелеріне қойылған жазушының ауыл тұрғындарына сыйлаған кітаптары мен хаттары дәлел. Қазақстанға Бельгерлер отбасы 1941 жылы Ресейдің Саратов облысынан жер аударылған. Герольдтің әкесі Карл Федорович акушер-фельдшер ретінде талай жылдар тапжылмай еңбек еткен. Әрі ауыл халқы бұл адамды музыкант ретінде жақсы білген. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов өз сөзінде Герольд Бельгерді мектеп қабырғасынан танитынын, онымен қызметтес болғанын тілге тиек етті. “Жазушы атындағы мұражай облысымыздың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылып отыр. Біз осындай қазақ еліне еңбегі сіңген тұлғалардың есімін мәңгі есте сақтауға тиіспіз. Жас буынға патриоттық тәрбие беруде аталмыш мұражай үлкен мектеп болары сөзсіз”, – деді облыс әкімі.

Қазақтың туған баласындай болып кеткен Герольд Бельгердің әдебиетімізге, мәдениетімізге, мемлекет ретінде қалыптасуымызға сіңірген еңбегі мол. Мұражайдың ашылу салтанатында қайраткердің қазақ халқы үшін жасаған жақсылықтары молынан айтылды. Сөрелердегі Герольд Карловичтің өмірінен сыр шертетін 100-ден астам құнды жәдігер осының дәлелі іспетті. Мұнда Қазақстанға жер аударылған Герольд Бельгердің отбасы жайында, неміс халқының тұрмысы мен дәстүрі туралы еңбектер, жазушының құжаттары, марапаттары мен жеке заттары қойылған. Жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы еңбектерді жинастыруға оның зайыбы Раиса мен қызы Ирина көп көмегін тигізіпті. Аталмыш оқу орнының қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі, мұражай жетекшісі Ақнұр Базарбекова жәдігерлерді іздеп табу үшін Алматыға арнайы барып, жазушының отбасымен кездескен, мұрағаттарды ақтарған.

“Бұл кісінің жүріп өткен жолының өзі үлгі-өнеге. Үш тілді жетік меңгеріп, өмірінің соңына дейін ел өміріне белсене араласты. Жазушының “Шабытымның қайнар бұлағының бірі қазақ тілі мен үшін жоғары әрі таза. Онсыз мен өзімді толыққанды адам есебінде сезіне алмаймын”, – деген сөзі оның қазақ халқына қаншалықты жақын екендігін аңғартқандай. Жазушы атындағы мұражайдың колледж қабырғасында ашылуы жас буын өкілдерінің патриот болып өсуіне жол салады деп ойлаймын”, – деді ол.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp