Солтүстікқазақстандық Әскер Қожанов Нұр-Сұлтан қаласында өткен “Astana Marathon-2019″ марафонында жеңімпаз атанды. Аталмыш жарыста әлемнің 27 елінен келген 5370 желаяқ бәсекенің көркін қыздырып, көрермендер мен жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.
Марафон барысында спортшылар 10 және 42,2 шақырымдық қашықтықтарды бағындырды. Бәсекелі сайыста “Надежда” әуесқойлар клубының мүшесі, Жамбыл ауданының Ольговка ауылының тумасы Әскер Қожанов 40-49 жас тобында сынға түсті. Жерлесіміз бұл жолы да жеңімпаздар қатарында болатынына еш күмәнданбаған. Ақыры көздеген мақсатына жетіп, 42,2 шақырымдық қашықтықта жеңімпаз атанды. Ол жарыс жолын 2 сағат 51 минут 11 секунд уақытта бағындырды.
Марафон қорытындысы бойынша, 40-49, 50-59, 60-69 және 70+ жас тобының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне 50, 30, және 25 мың теңгенің ақшалай сыйақылары мен ұшақ билеттері табысталды. Ал 42,2 шақырымда жүгірген абсолютті топтың үздіктері 1 млн., 500 және 250 мың теңгенің сертификатына ие болды.