Қызылжардың құйқалы топырағында өсіп-өнген, елге белгілі тұлғалар аз емес. Солардың бірі – тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркіт Аяған. Ол 1979-1990 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ педагогика институтының аға оқытушысы, 1990-1991 жылдары ҚР Білім министрлігінің жетекші маманы, 1991-1993 жылдарда ҚР Президенті Баспа қызметінің кеңесшісі, сектор меңгерушісі, 1993-1995 жылдарда ҚР Президенті Әкімшілігі және Министрлер Кабинетінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, 1995-1996 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің сектор меңгерушісі, 1996-1998 жылдары Қазақ гуманитарлық заң академиясы сыртқы байланыстар орталығының директоры, 1998-1999 жылдары ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің бұқаралық ақпарат құралдары департаменті директорының орынбасары, 1999-2003 жылдары Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бастығы, 2003-2008 жылдары “Қазақ энциклопедиясы” ЖШС бас редакторы – бас директоры қызметтерін атқарды. 2008 жылдан Мемлекет тарих институтын басқарады. Халықаралық ғылымды информатизациялау академиясы және ҚР Білім академиясының академигі, ҚР Ұлттық кеңесінің мүшесі, Аризона (АҚШ) қаласының құрметті азаматы. 300-дей ғылыми мақалалар мен еңбектер жазған. Көпшілікке танымал “Көшпенділер”, “Ұлы Дала дүбірі”, “Жау жүрек мың бала” атты көркем фильмдердің ғылыми кеңесшісі болды.
Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова Астана қаласындағы Мемлекет тарихы институтында арнайы болып, Бүркіт Аяғанға өңір басшысы Ерік Сұлтановтың Құттықтау хатын тапсырып, иығына шапан жапты.
– Мен Сізге өзіңізді 60 жылдық мерейтойыңызбен құттықтап, игі тілегін білдірген Ерік Хамзаұлының сәлемін жеткізіп отырмын. Ел Тәуелсіздігінің орнығуына, мемлекеттілігіміздің қалыптасуына зор үлес қосып келе жатқан қоғам қайраткері ретінде ұлық мереке алдында “Құрмет” орденімен марапатталуыңыз Сіздің көп жылғы қажырлы еңбегіңізге берілген зор баға деп білеміз, – деді Анархан Қалиқызы.
Бүркіт Ғелманұлы облыс әкіміне ризашылық білдіріп, өзі басқарып отырған институт тарапынан атқарылатын алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті.
Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.