Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында:
“Қазақстанға ұзақмерзімді тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім қажет” деп атап көрсеткен болатын. Ұлтаралық келісім – біздің тұрақты дамуымыздың кепілі, оған балама жоқ. Келісім – тарихтың сыйы емес, икемді, байыпты саясаттың, ешкімге бұра тартпайтын, шынайы іс-әрекеттің нәтижесі. Өзара сыйластық, төзімділік пен келісімнің үлгісін біздің еліміз көрсете беретініне сенім мол. Себебі, Қазақстанда 1995 жылдан бері өмір сүргендіктен, осының барлығына көз жеткізіп келемін.
Тарихи Отаным – Армениядан осы елге қоныс аударғанда көптен іздеген жерұйығым ретінде Айыртау ауданының Саумалкөл ауылын таңдадым. Бұл таңдауыма еш өкінбеймін. Жаңа мекенде өзімнің өмірлік жарымды кездестіріп, бүгінде Карэн есімді қызымды тәрбиелеп отырмыз.
“Бас екеу болмай, мал екеу болмайды” дегендей, шаңырақ құрғаннан кейін зайыбыммен болашаққа талай жоспар құрдық. Соның бірі өз кәсібімізді ашсақ деген тілек еді. Ойдағы жоспар мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асты. 2008 жылы “Шик” дәмханасын ашып, кәсіпкерлікпен айналыса бастадым. Басы оң басталған іс сәтімен жалғасын тапты. 2014 жылы аудан әкімінің қолдауымен Саумалкөл ауылының орталығынан кәуап өңдеу цехы мен шағын дәмханамды аштым. Содан бері аудан тұрғындары мен қонақтары “Шашлычный двор” деп аталатын шағын дәмханамнан дәм татуда. Дәмхананы ашқан кезде 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтыдым.
Қазақстанда 21 жыл өмір сүргендіктен, қазақ халқы да армяндар сияқты қонақжай және кейбір салт-дәстүрлері, үлкенді құрметтеуі өте ұқсас екендігін аңғардым. Содан да болар, отбасылық достарымның дені – қазақтар. Мерекелерде бір-бірімізге құттықтап баруымыз – түрімізге, дінімізге, ділімізге қарай бөлінбейтіндігіміздің айғағы.
Біздің еліміз – тәуелсіз Қазақстан – бейбітшіліктің ұясы, ынтымақтың ордасы. Мұнда көптеген этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешуде. Бейбіт еліміздің берекесі артып, іргесі нығая түсуі, балаларымыз бақытты өмір сүруі үшін еңбек етудеміз. Болашағымыз берік, бақуатты болсын деген тілегім барша қазақстандықтардың ортақ пікірі деген ойдамын.
Давид ДУХИКЯН,
жеке кәсіпкер.
Айыртау ауданы.
