Күрдтер – Таяу Шығыстың ежелгі халықтарының бірі болғанымен, тағдырдың жазуымен қазақ елінде де қоныс тепкен. Солардың бірі – Тайынша ауданында тұратын Алиевтер отбасы. Күнкөрістің қамымен әуелі еліміздің оңтүстігіне, кейін Көкшетау қаласына көшкен Тахир мен Дильбар Қазақстанның туған еліндей болып кеткенін жасырмайды. Соңғы 25 жыл бойы осы жақта еңбек етіп, жергілікті халықпен емен-жарқын араласып жүрген олар бейбіт елде өмір сүріп жатқандарына шүкіршілік етеді. Тайынша қаласында өздеріне жұмыс, дос тауып, адал еңбегімен ел дамуына өз үлестерін қосып жүрген отбасын көрші-қолаңы да сыйлап, құрметтейді. Жеміс-жидек сатумен айналысатын Тахир мен Дильбар – балалары ержетіп, бүгінде немере сүйіп отырған ата мен әже. Ата-аналарының сүйеніші бола білген қос ұлы – Кораглы мен Азиз жастайынан еңбектің дәмін татқан. Ерінуді білмейді. Ал Хырда болса Алиевтердің немерелерін өсіріп, ата-енесінің алдынан кесе-көлденең өтпейтін ибалы келін атанып отыр. Елдегі этносаралық татулықтың туын жықпай, нығайта түсуге жауапты екендерін жете түсінетін бұл отбасы еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосуды өздерінің азаматтық парызы деп біледі.
Гүл НҰРАЛИНА,
журналист.
Тайынша ауданы.