«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕР — ЕЛ ИГІЛІГІ

Мемлекет басшысының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында өткізілген кеңеске облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров пен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері және жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Смағұлов қатысты.

Алқалы жиында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану, құрылыс және салық заңнамаларына енгізілетін өзгерістер талқыланды. Бауыржан Смағұлов атап өткендей, бүгінгі күні елімізде жекеменшіктегі жердің үлесі 1,3 миллион гектарды құрайды. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердің жалпы аумағы – 100,8 миллион гектар. Шараға қатысушыларға мамандар биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін “Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заңы талаптарын түсіндірді. Биылдан бастап ауыл шаруашылығы жерлері жекеменшікке беріледі, яғни аукциондар арқылы сатылады. Сондай-ақ, енді заңға сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жалдау мерзімі аяқталғанға дейін 10 жылға бөліп төлеу арқылы сатып алу жеңілдіктері қарастырылған және оны пайдалану бойынша шектеулер алып тасталады.

Ауыл шаруашылығымен айналысатындар үшін әкімшілік кедергілерді алып тастау және шығындарды қысқарту арқылы қолайлы жағдай жасау мақсатында ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты нысандарды салу және шаруашылық жүргізу нысанын ауыстырған кезде жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту рәсімі алып тасталады.

“100 нақты қадам” Ұлт жоспарындағы 44-45- қадамдарда және Елбасының Қазақстан халқына арнаған “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауында айтылғандай, салық жүйесіне де өзгерістер енгізілмек.

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp