«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕР-ЖАҺАНДЫ ЖАЯУ АРАЛАМАҚ

Жеті жыл ішінде әлемнің 22 мемлекетін жаяу-жалпы аралап өткен ерлі-зайыпты Алексей мен Алёна Кулешовтарға еліміздің қонақжайлылығы аса қатты ұнаса керек, олар Қазақ еліне осымен 11-ші рет келіп отыр. Жаяу жүрісті ұнататын саяхатшылар Петропавлда 2 күн аялдады.

Ресейдің Рязань қаласында тұратын Алексей мен Алёна жолай кездескен көліктермен түрлі елдерді 16 жастарынан бері аралап жүр. Ерлі-зайыптылар ұшақ пен пойызды есептемегенде, автожолдармен 343 мың шақырым жолды артқа тастапты. Олардың кезекті сапарға шыққандарына бір жарым жыл болыпты.

– Балалық шағымда туған қалам Рязаньды автобус, тролейбустармен аралағанды ұнататынмын. 16 жасқа толғанымда мен әкеммен Мәскеуге еріп бардым, онда Рязаньға қайтар жолда электричкадан қалып қойып, кездейсоқ көліктермен үйге қайтуымызға тура келді. Міне, содан бері менің жолшыбай көліктерді тоқтатып, әлемді тануға деген қызығушылығым арта түсті, – дейді Алексей Кулешов.

Тәжірибелі саяхатшы Алексей ұзақ сапарға 23 килограмм, ал Алёна 14 килограмнан артық зат алмайды. Сөмкелеріне шатыр, ыстық тамақ әзірлейтін қазанша мен шағын газ балоны бар плита салынған. Оны табиғат аясында тамақ әзірлегенде пайдаланады екен. Қолдарында, сондай-ақ, ұйықтайтын қаптөсектері мен ауыстыратын киімдері бар.

Саяхатшылар барған жерлерінде тұрақтайтын баспананы “couchsurfing.com” сайты арқылы табады. Қонатын жерлері болмаса, табиғат аясында түнейді екен.

– Ендігі мақсатымыз – Қытайға сапар шегу. Аспанасты елінде бір айдай болып, одан әрі Вьетнам, Камбоджа, Тайланд, Малайзия, Индонезия елдерін араламақпыз. Одан соң Мьянма қаласына тұрақтап, ол жердің көркем жерлерін тамашаламақпыз. Кейін соның негізінде Мьянма қаласы туралы кітап жазбақ ойымыз бар. Өйткені, бүгінде ол шаһар жайында мағлұмат тым аз. Жалпы біз Оңтүстік шығыс Азия елдерінде 10 ай боламыз, – дейді Алёна Кулешова.

Ерлі-зайыптылардың бұл сапары 5 жылға жоспарланған. Олар осы уақыт аралығында әлемнің дамыған елдерінің барлығын аралап өтпек.

Берік ХАСЕН,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp