2016 жыл ел тарихында сан түрлі оқиғалармен есте қалды. Солардың ішінде Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойын ерекше атап өткен жөн. Ел бойынша мыңдаған шара ұйымдастырылды. “Ұлы даладағы мыңжылдық тарихтың жаңа дәуірі” тақырыбымен өткен салтанатты жиналыста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендіктің жеті теңдессіз табысына тоқталған болатын.
Біріншіден, әлемнің жаңа картасында жас мемлекет пайда болды. Мемлекеттік шекарамыз халықаралық деңгейде шегенделді. Екіншіден, халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның даму қарқыны көпті тамсандырып отыр. Мәселен, Нобель сыйлығының лауреаты Финн Кидланд: “Қазақстан әлемде мейлінше жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі және оның даму қарқыны таңдандырады”, – деген болатын. Қазақстан әлемнің ең дамыған елу елінің қатарына кірді, ендігі меже – отыздық. Жалпы Тәуелсіздік жылдары экономикамыз 20 есеге өскен. Тағы бір табысымыз – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде керегесінің кеңеюі. Бай тіліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясының төрінен естілуде. Бір кездері алып Алматыда жалғыз ғана қазақ тілді мектеп болса, 25 жыл ішінде, яғни 2016 жылға дейін бір мыңнан астам білім ошағы ашылған екен.
Ұлы мұрат жолында жүзеге асырылған тағы бір игі жоба – елордамыздың Сарыарқа төріне көшіріліп, көрсең көз тоймайтын әсем шаһардың салынуы. “1990 жылдардың ең ауыр кезеңдерінде астана бізге үміт қанатын сыйлады және үлкен қиындықтарды еңсеруді үйретті. Қиын кез болатын. Бәрі жетіспейтін. Еңбекақы, зейнетақы төленбеді. Бірақ біз сол қиындықтардың бәрін ештеңеге қарамастан еңсеріп, елордамызды салдық”, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Халықтың әл-ауқатының жақсаруы, тағдырдың жазуымен шекарадан шет қалған қандастарымызды атамекенге шақыру, ядролық қарудан ада ел құру және осы асыл мақсатқа өзгелерді шақыру бастамалары да Қазақстанның азаттық жылдары жеткен жетістіктерінің бір парасы еді.
Еліміздің азаттық алғанына ширек ғасыр толған 2016 жыл Солтүстік Қазақстан облысы үшін де жемісті болды. Мәселен, 2016 жылы 38,0 млрд. теңге кіріс жиналған. 2015 жылмен салыстырғанда өсім қарқыны 18,5 пайызға тең. 2016 жылы облыс экономикасына алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,9 пайыз өсіммен 165,7 млрд. теңге инвестиция тартылды. Инвестицияның басым бөлігі ауыл шаруашылығына (34,3 пайыз), өнеркәсіпке (27,4 пайыз) және көлік пен қоймалауға (16,9 пайыз) тиесілі. Өңірдің негізгі кәсібі – агроөнеркәсіп. Саланың үлесіне өңірлік жалпы өнімнің ширек бөлігі тиесілі. 2016 жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1,8 пайызға өсті және 416,7 млрд. теңгені құрады.
Қазақстанның жер көлемі 2,7 млн. шаршы километрді құрайды, бұл көрсеткіш бойынша әлемде тоғызыншы орындамыз. Батысында Еділдің төменгі ағысынан, шығысында Алтай тауларына дейін 3000 километр, солтүстіктегі Батыс Сібір жазығынан, оңтүстіктегі Қызылқұм шөлі мен Тянь-Шань тау жүйесіне 1600 километрге дейін созылып жатыр. Жеріміз үлкен болғанымен, оны кім көрінгеннің иеленуге құқығы жоқ. Жер – қазақтың байлығы. 2016 жылы Жер кодексіне енгізілген түзетулерге халық қарсылық білдіріп, кейін мораторий жарияланды. Қазақстанда 8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорны, 178 мыңнан астам шаруа және фермерлік қожалық, 1,5 миллионнан астам жеке қосалқы шаруашылық бар. Бұдан былай ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер шетелдіктерге немесе шетелдік үлесі бар компанияларға сатылмайтын және жалға да берілмейтін болды. Бұл жаңалыққа барша қауым, соның ішінде ырыздығын жерден тауып отырған отандық шаруалар қатты қуанды. Әсіресе негізгі кәсіп көзі жермен тығыз байланысты Солтүстік Қазақстан облысының диқандары бөркін аспанға атты. 2016 жылы облыс диқандары гектарынан орташа есеппен 17,2 центнерден өнім алып, барлығы 5,5 миллион тонна астық жинады. Осы жылы ауыл шаруашылығы өндірісіне демеуқаржы үшін бюджеттен 31,5 млрд. теңге бөлінді, бұл 2015 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,8 есе көп. Өңірде егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да дами түсті. Статистика департаментінің жедел деректеріне қарағанда, 2016 жылдың қорытындысы бойынша шаруашылықтардың барлық санаттарында ірі қара басы – 1,1 пайызға, ал ұсақ мал мен жылқы 2 пайыздан астамға көбейді. Соның нәтижесінде ет өндірісі – 1,3 пайызға, сүт 4,3 пайызға ұлғайды.
2016 жылдың қорытындысы бойынша “2020 жылға дейін өңірлерді дамыту” бағдарламасы шеңберінде екі елді мекенде (тұрғындар саны – 12042 адам) сумен жабдықтау жақсарды, 2 ауылға (елді мекен тұрғындарының саны – 453 адам) ауызсу берілді. Ауылдардың орталықтандырылған суға қолжетімділігі 56,3 пайызға дейін өсті (2015 жылдың соңында 55,8 пайыз). 2016 жылы 619 пәтерлік 7 тұрғын үй, сондай-ақ “СевКазЭнерго” АҚ қызметкерлеріне арналған 90 пәтерлік бір үй салынды. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жұмысшы жастарға арналған 5 қызметтік тұрғын үй және облысымыздың бес ауданында 135 пәтерлік 6 жатақхана пайдалануға берілді.
Білім беру саласында 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамту 98 пайызға жетті. “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында 320 орындық балабақшаның құрылысы аяқталса, 200 орындық балабақшаның құрылысына жеке инвестиция тартылды. 2016 жылы облыста мектеп жасына дейінгі тәрбиемен қамтитын ұйымдарда 893 орын ашылды, оның ішінде 287 орын мемлекеттік тапсырыстарды жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда орналастыру жолымен іске қосылды.
Қыркүйек айының бірінші жұлдызы – Білім күні обылымызда үш бірдей мектеп есіктерін айқара ашты. Нақтырақ айтқанда, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка ауылында, Тайынша қаласында және Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында жаңа оқу ордалары пайдалануға берілді. Бұл өңірдегі үш ауысымда оқитын мектептердің проблемасын шешкен еді. Бәйтерек – облыс орталығына жақын орналасқан, негізінен шетелден көшіп келген қандастарымыз тұратын елді мекен. Ауыл балалары бұған дейін аудан орталығына автобуспен қатынап оқыған. 300 орындық білім ошағы екі тілде оқытқанымен, балалардың басым бөлігі қазақ сыныптарына барған. Мектепті салуға қазынадан 827 млн. теңге қаражат жұмсалғанын да айта кеткен жөн. Жалпы 2016 жылы облыс бойынша 72803 бала оқуға барса, 8582-сі алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Елдің саяси өмірінде де бұл жылы өзгерістер көп болды. Наурыз айында Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Парламентке “Нұр Отан”, “Ақ жол” және Қазақстан коммунистік партиясының өкілдері өтті. Бұл Қазақстан тарихындағы жетінші парламенттік сайлау еді. Солтүстік Қазақстан облысында жасақталған 667 сайлау учаскесіне келген өңір тұрғындары елдің ертеңі үшін дауыс берді. Біздің өңірден заң шығарушы органға үш өкіл – “Астық СТЕМ” ЖШС-нің директоры Сергей Звольский, “Радуга” ЖШС-нің бас директоры Петр Шарапаев және “Қызылжар-Ақпарат” ЖШС-нің директоры, журналист, ақын Кәрібай Мұсырман сайланды.
2016 жылы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Дін істері және азаматтық қоғам, Ақпарат және коммуникация министрлігі құрылды. Аталған министрліктердің басшылығына Бейбіт Атамқұлов, Нұрлан Ермекбаев және Дәурен Абаев тағайындалды. Елбасы Жер кодексіне 2021 жылдың соңына дейін түзетулер енгізуге мораторий жариялағанын жоғарыда айттық. Сонымен қатар Еңбек кодексіне, Азаматтық процессуалдық кодекске, Экстремизм мен терроризмге қарсы заңға, тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға өзгерістер енгізілді. Рақымшылық жасау туралы заң, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен “Париж келісімін ратификациялау туралы” заң жобасы қабылданды.
Өмірде ақ пен қара аралас жүреді ғой. 2016 жылы елімізде жақсы жаңалықтармен қатар, әр жерден қаралы хабарлар да естіліп қалып жатты. 5 маусым күні Ақтөбеде “Паллада”, “Пантера” қару-жарақ дүкендеріне, Қазақстан Ұлттық ұланының №6655 әскери бөліміне шабуыл жасалды. Атыс кезінде 21 адам қаза болып, 38-і жарақат алды. 18 шілде күні Алматыда да теракт болды. Құқық қорғау органдарының 9 қызметкері мен 2 бейбіт тұрғынды өлтіріп, тағы 3 адамның өмірін қимақ болған Руслан Кулекбаев кейін өлім жазасына кесілді.
Апат айтып келмейді. 2016 жылдың көктемі теріскей тұрғындарын аяғынан тік тұрғызды десек қателеспеспіз. Күрт еріген қар суы бірнеше елді мекенді әбірге салды. Тайынша, Есіл, Қызылжар, Аққайың, Ғабит Мүсірепов атындағы және тағы басқа аудандарында ондаған үй су астында қалды, мал шығыны болды. Қуанышымызға орай, құтқарушылар дер кезінде көмекке келіп, адамдарды аман алып қалды. Есіл арнасынан асып, Петропавл қаласының шеткі аудандарына және саяжайларға қызыл су кірді.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеу аясында облыста тұрғындардың көпшілігінің қатысуымен 12 мыңнан астам мәдени-бұқаралық іс-шара өткізілді. “Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік”, “Ауылдың үздік мәдени мекемесі – 2016”, “Солтүстік Қазақстан облысының үздік медиатекасы”, “Үздік мұрағаттық мекеме”, “Облыстың үздік мұражайы”, “Үздік мұрағатшы”, “Үздік кітапханашы” атты облыстық байқау-конкурстар өтті. Жеңімпаздарға алғаш рет жалпы құны 13,9 млн. теңгеден астам соманың ақшалай сертификаттары табысталды.
2016 жылы белгілі жерлестеріміз Сәбит Мұқановтың, Иван Шуховтың, Ермек Серкебаевтың, Герольд Бельгердің және Есім Шайкиннің мерейтойларына арналған шаралар өтті. Кейкі батырдың бас сүйегінің табылуы – ел көлеміндегі үлкен жаңалық еді. Венгер ғалымдары Кейкі батырдың келбетін толықтай қалпына келтірді. Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы – 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген.
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ жазғы Олимпиада ойындары мәресіне жетті. Төртжылдықтың басты додасы Қазақстан құрамасы үшін сәтті болды деуге толық негіз бар. Қазақстаннан әлемдік бәсекеге 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысты. Отандастарымыз барлығы 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) алып, ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер саны жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Алтыны аздау демесек, ел қоржынына түскен бұл жүлделердің бәсі жоғары. Жаһандық жарысқа Солтүстік Қазақстан облысынан 5 спортшы аттанды. Жерлестеріміз боксшы Дариға Шәкімова мен балуан қызымыз Эльмира Сыздықова қола жүлдегер атанды. Облыста осы жеңістерден шабыт алған 170 мыңнан астам адам немесе өңір тұрғындарының 30 пайызы дене шынықтыру және спортпен айналысуды ұйғарған. Бұл көрсеткіш жөнінен облыс республика бойынша алдыңғы орындардың бірінде. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге, ең алдымен, жаңа спорт нысандарын салу және барларын қалпына келтіру жұмыстары септігін ти-гізді.
2016 жылдан бері де бес жыл зу етіп өте шыққанын көріп отырмыз. Мәңгілік ел болуды мақсат тұтқан Қазақстанның күннен-күнге мәртебесі өсіп, Ұлы дала төсінде қарыштап дамыған, төрт құбыласы тең мемлекетке айналып келеді. Бабаларымыздан аманат болып қалған кең байтақ жерде шаңырағын көтеріп, уығын тіктеген, керегесін жайған ордалы еліміздің болашағы жарқын болғай!
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.