«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТПІС БЕС ЖЫЛДАН КЕЙІН ТАПСЫРЫЛҒАН ОРДЕН

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы оғы атылғанына жетпіс жылдан астам уақыт өтсе де, оның жаңғырығы әлі де естіледі. Сұрапыл соғыс жылдарындағы ерлігі үшін марапатталған Николай Фундовойдың Қызыл Жұлдыз ордені батырдың отбасына 75 жыл өткен соң тапсырылып отыр. Облыстық ардагерлер кеңесінде өткізілген бұл кездесуде батырдың қызы Раиса Уфельманға Қызыл Жұлдыз ордені мен куәлігін Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің консулы София Галчина тапсырды.

Николай Фундовой Жамбыл ауданының Пресновка ауылында туған. 1937 жылы әскер қатарына шақырылып, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында бірнеше майданда неміс басқыншыларына қарсы шайқасқан. 1943 жылғы 16 қыркүйек күні Духовщина қаласының маңында жан алысып, жан беріскен ұрыс болады. Бұл ең қиян-кескі шайқас ретінде тарихта қалған Курск иініндегі ұрыстардың бірі болатын еді. Жау шебіне шабуыл кезінде өзіндігімен жүретін артиллериялық қондырғының механик-жүргізушісі Николай Фундовой қаһармандығымен көзге түседі. Фашистер басып алған қала маңызды стратегиялық пункт және төрт жолдың бойында тұрған елді мекен болатын. Сондықтан жау қаланы жанталаса қорғаған. Бірақ старшина Николай Фундовой басқарған экипаж қарша бораған оқтың астында қалаға бірінші болып кіріп, жаудың танкке қарсы бір қаруын, екі минометін қиратып, ондаған гитлершілерді жер жастандырған. Қызыл Жұлдыз ордені Калинин майданы бронды танкті және механикаландырылған әскерлерінің қолбасшысы оны марапатқа ұсынады және бұл жақсылық хабарды оның өзіне айтады.

Алайда, келесі шайқаста ауыр жараланған Николай Фундовой үш ай әскери госпитальда емделеді. Жарақатынан айыққан ол қайтадан майданға аттанады. Одан кейін де бірнеше рет жараланса да Николай Фундовой 1945 жылғы желтоқсанда туған жеріне аман-есен оралады. Ол Қызылжар ауданының Якорь ауылында зейнет жасына жеткенге дейін ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен.

Батырдың өзі мен туған-туысқандары Қызыл Жұлдыз орденінің тағдырын білмек болып қырық бес жыл бойы КСРО-ның тиісті орындарына хабарласады. Бірақ олардан мардымды жауап ала алмайды. Кейін белгілі болғанындай, барлық құжаттарда жауынгердің тегі Фондовой болып жазылып кетіпті. Әкесінің Қызыл Жұлдыз орденін қолына алып, көз жасына ерік берген қызы бұл кездесуге батырдың немерелері мен шөберелері келгенін жеткізді. Олар өз кезегінде аталарының ерлігін мақтан тұтатынын айтты.

– Біз соғыс ардагерлерінің ерлігі арқылы жас ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие беруге ерекше назар аударамыз. Бұл бағыттағы жұмысымызды Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментпен, соғыс ардагерлерімен, тыл еңбеккерлерімен, қоғамдық және жастар ұйымдарымен бірге жетілдіре түсеміз, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.

Марат ЕРМҰҚАНОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp