2016 жылғы 15 сәуірден бері тұрғындардан оқ ататын қаруларды, ұңғысы кесілген мылтықтардың патрондарын және жарылғыш заттарды сатып алу бойынша республикалық акция өтуде. Петропавлдықтар 54 қару тапсырды. Олардың 43-і – тегіс оқпанды, 10 ұңғысы кесілген, 1-еуі – травматикалық қару.
– 39 тұрғынға бір миллион жеті жүз отыз жеті мың теңге мөлшерінде сыйақы төленді. Осы орайда акцияның жалғасып жатқанын, тұрғындардың заңсыз сақтап жүрген қару-жарақтарын сыйақы төлеп алатынымызға назар аударамыз. Сондықтан қару-жарақтарын қалалық ішкі істер басқармасына тапсыруларын өтінеміз, – деді басқарма бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Серік Дәулетов.
Акция жайлы газеттерден оқып-білген 37 жасар қала тұрғыны ұңғысы кесілген аңшы мылтығын тапсыруды ұйғарыпты. Оны әкеліп өткізгені үшін 44 мың теңге мөлшерінде өтемақы берілді. Ал екінші бір тұрғын Ұлы Отан соғысы басталған жылы шығарылған тегіс оқпанды мылтықты әкелген екен. Бұл қарудың сақталғанына биыл – жетпіс бес жыл.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің аға инспекторы.