«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТПІС ЖЫЛДЫҚ ТАРИХЫ БАР ОҚУ ОРНЫ

Аққайың ауданындағы аграрлық колледж 1943 жылы қазан айында құрылыпты. Содан бері оқу орны ауыл шаруашылығына қажетті мамандар даярлаумен айналысып келеді.

“Ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесі” (АШМУ) аталған кеңшараралық мектептің тізгінін сол жылы Геннадий Внуковский қолына алып, оны 11 жыл бойы басқарыпты. Одан алғаш рет механизатор мамандығын алып шыққан Әбу Сыздықов пен Алексей Эттенконың еліміздің дамуына қосқан зор үлесі үшін Социалистік Еңбек Ері атағын, ал Антон Линденің Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленгендігін оқу орны осы күнге дейін мақтан етеді.

– Колледж тарихына үңілетін болсақ, жетпіс жыл ішінде оқу орнын 40 мыңнан астам түлек бітіріпті. Бұл – осыншама ауыл шаруашылығына қажетті маман даярладық деген сөз. Тағы бір мысал келтіре кетейін: осыдан дәл 60 жыл бұрын АШМУ-дің заман ағымына орай қысқамерзімдік (3-5 айлық) курстар ұйымдастырып, тың және тыңайған жерлерді игеруге өзіндік үлес қосқанын байқау қиын емес. Алматыдан өңірімізге жастық жігермен арман қуып келген алғашқы 69 тың игеруші, нақтылап айтқанда, 36 жігіт пен 33 қыз біздің АШМУ-де үшайлық курстан өтіп, 3-разрядты тракторшы мамандығымен облысымызда жаңадан ұйымдасып жатқан кеңшарларға жіберіліпті.

Мына бір факті де көңіл аударарлық: 1958 жылы училищеге су- жаңа “СК-3” комбайны беріліпті, оның зауыттан шыққан нөмірі 4 екен. Жастардың жай ғана механизатор емес, өз ісінің нағыз шебері болып шығуына Үкіметтің сол кезде қаншалықты мән бергенін осыдан да байқауға болады, – дейді аграрлық колледждің директоры Владимир Полтавец.  

Иван Ельцов басқарған кезде оқу орны (1967-1969 ж.ж.) жаңа кәсіби деңгейге көтеріліп, тәрбиеленушілеріне ауыл шаруашылығы мамандығымен бірге орта білім беретін дәрежеге жетіпті. Сөйтіп, ол СКТУ-50 аталатын болса, уақыт өте атауы КТУ, сосын КТМ-15 деп өзгертілді. Қазір ол аграрлық колледж мәртебесіне ие.

Ұстаздар мен өндірістік оқыту шеберлерінен құралған педагогтер ұжымы өздерінің үздік дәстүрлерін сақтай отырып, еселі еңбек етуде. Колледждегі оқу кабинеттері, заманауи компьютер сыныбы, әдістемелік кабинет, кітапхана, оқу залы, асхана мен жатақхана сапалы мамандар даярлауға қызмет көрсетеді. Оқу орнының 70 жылдығына орай республикалық бюджеттен бөлінген 25 млн. теңге қаржыға “Енисей” комбайны, “МТЗ-82” тракторы, ұтқыр Интернет кешені сатып алыныпты.

Қазіргі уақытта оқу орнында 10 комбайн, 2 “КамАЗ” автомобилі, 2 “Т-4” және “МТЗ-82” тракторы бар. Колледж 608 гектар жерге иелік етеді, оның 568 гектары – егістік, қалғаны – шабындық жер.

Ұстаздар ұжымы оқушыларды даярлауға қажетті деңгейді ұстап тұру үшін ізденеді, жаңа педагогикалық технологияларды игереді, облыстық байқауларға, олимпиадаларға, шеберлік сыныптарына қатысады. Олардың осындай табанды еңбектері өз жемісін беруде. Колледж оқушылары бірнеше рет “Мамандығы бойынша үздік” облыстық кәсіби шеберлік байқауларының жеңімпазы және жүлдегерлері атанып, республикалық сайыстарда облыс намысын абыроймен қорғады.

Директордың оқу ісі және өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары, облыстық циклді-әдістемелік комиссияның төрайымы Нина Ибрагимованың айтуына қарағанда, колледжде бес жылдан бері түлектердің оқу сапасын сырттай бағалау жүргізіліп келеді. Біліктілік емтихандарын құрамына әлеуметтік әріптестер, ауданның агроқұрылым басшылары енетін тәуелсіз сараптау комиссиясы өткізеді. Кәсіби әзірлік деңгейін бағалауға барлық түлектер қатысады. 2013 жылы оқу сапасын тәуелсіз бағалауды бірден тапсырған оқушылардың орташа балы 82,75-ті құрады. Ендігі жерде ұжым бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді мақсат етіп отыр.

Әлеуметтік әріптестік кәсіби білім беруді дамытудың басым бағыттарының бірі болып табылады. Осы бағытта оқу орнында қажетті шаралар жүзеге асырылуда. Жұмыс берушілермен әлеуметтік әріптестікті дамыту үшін үшжақты келісім, өндірістік тәжірибеден өтуге арналған екіжақты келісім жасалады. Бұл тұрғыда Қиялы ауылындағы “Салют”, “Грейн-Рич”, “Алпысов-Агро” ЖШС-лерімен әріптестік байланысты атап айтуға болады. Осындай жұмыстың арқасында оқушылардың барлығы өндірістік тәжірибеден өту кезінде ақылы жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі.

– Аграрлық колледжде 59 адам еңбек етеді, олардың 33-і – ұстаздар мен өндірістік оқыту шеберлері. Қызметкерлеріміздің 34 пайызы – жоғары және бірінші санатты мамандар, екеуі – кәсіби білім беру үздігі. Бұл күні 198 оқушы ауыл шаруашылығы өндірісіндегі тракторшы-машинист, автомобиль жүргізуші, аспаз, бухгалтер, тігінші, газбен және электрмен дәнекерлеуші, жеміс-көкөніс өсіруші мамандықтарын игеруде. “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы аясында үш жыл ішінде 80 түлек жұмысқа орналасты. Оқушыларымыздың жұмысқа орналасуына көмектесу мақсатында сертификатталған түлектердің мәлімет базасы құрылған. Тұрғындарды жұмысқа орналастыру орталығымен, еңбек нарығындағы бос жұмыс орындары базасымен байланыс орнатылған. “Жол картасы”, ”Бизнестің Жол картасы” бағдарламасы бойынша біздің оқу орнында 256 адам кәсіби әзірліктен өтіп, жаңа мамандықтарды игеріп шықты. Олардың 70 пайызы жұмысқа орналасты, – дейді колледж директорының оқу ісі және өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Нина Ибрагимова. Нина Алексеевна колледждің дуальді оқыту жүйесіне көшу үшін жұмыс жүргізіп жатқандығын атап айтады.

– Оқу орнымыз мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Соған орай биыл ауыл шаруашылығына қажетті 50 маман даярлап шығаруға тиіспіз. Дегенмен, алдыңғы жылдардағыдай “Жол картасы” бағдарламасы бойынша мамандарды қайта даярлауға қатыса алмай отырмыз. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығына бесаспап маман қажет. Бір кездері кәсіптік-техникалық оқу орындары кеңбейінді тракторшы-машинист мамандарын әзірлейтін. Олар дәнекерлеуші, ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсетуші сияқты қосымша мамандықтар да алып шығатын. “Республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы” АҚ әзірлеген нормативтік құжатта соңғы жылдары ондай кеңбейінді біліктілік алынып тасталған. Сондықтан колледждер жоғары деңгейлі білім базасында 2 жыл 10 ай оқытса да, ондай куәлік бере алмайды. Бүгінгі агроқұрылымдарға сондай бесаспап мамандар қажет екендігін жоғары мінбелерден айтудай-ақ айтып келеміз. Оған құлақ асып отырған министрлік те, нақты шешім қабылдайтын Республикалық ғылыми-әдістемелік орталық та жоқ. Оның үстіне алдыңғы жылдардағыдай “Жол картасы” бағдарламасы бойынша мамандарды қайта әзірлеуге қатыса алмаудамыз. Оған басты себеп – қайта әзірлейтін топта кемінде 25 адам болуға тиіс. Ондай топ жасақтау ауылда орналасқан колледжге оңай шаруа емес, – дейді кәсіби-техникалық білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған Нина Ибрагимова.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

  Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp