ЕС-164/6 әйелдер колониясының қызметкерлері облыстық мектеп-интернаттағы жетім балаларға арналған қайырымдылық акциясын өткізіп, жазғы сауықтыру лагеріне сапар ұйымдастырды. Бұл жөнінде облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті хабарлады.
Мекеме қызметкері Тамара Прокофьеваның айтуынша, бүгінде «Золотая осень» жазғы сауықтыру лагерінде 100-ден астам бала демалуда. Аталған лагерь Петропавлдан 45 шақырым жерде қоныс тепкен. Мұнда жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар орналасқан. Облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері оларды қамқорлыққа алып, көмек көрсетеді.
Лагерьде қызмет істейтін тәлімгерлер мектеп-интернаттың тәрбиешілерімен бірлесіп «Полиция қауіпсіздікті қорғауда» деп аталатын конкурс ұйымдастырды.
Акция соңында департамент қызметкерлері балаларға футбол, волейбол доптарын және басқа да спорт құрал-жабдықтарын тарту етті.