«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІМДЕР ЖЫЛАМАСА ЕКЕН…

Ата-бабаларымыз “Жетім көрсең, жебей жүр” деген сөзді ұрпақтан-ұрпаққа айтып, санамызға берік сіңірген ғой. Халқымыздың күш-қауқары жеткенше жесірі мен жетімін жылатпай, қараусыз қалдырмағандығын тағылымы мол тарихтан жақсы білеміз. Сондықтан да “жетім” деген сөз – қазақ халқына жат ұғым. Өкінішке қарай, бұл бүгінгі қоғамдағы ең бір өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Оны ғаламторда жарияланған жантүршігерлік оқиғалардан-ақ аңғаруымызға болады. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда өмір есігін жаңа ашқан сәбидің әке-шешесінің, туған-туысқандарының кім екендігін, жеті атасын білмей өсуі қандай қиын?

Осыдан бірнеше күн бұрын Петропавлдағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатқа бардым. Ондағы тәрбиеленушілердің жанарларынан ата-анаға деген сағыныш сезімдерін байқадым. Тіпті, олардың кейбіреулерінің терезеге телміре қарап, жаутаңдаған жүздерін көріп, әлдекімді сарыла күткендеріне куә болып, жанарыма еріксіз жас алғаным да жасырын емес. Бұл өмірде аяулы анамыз бен асқар таудай әкеміздің бар болғанына шүкіршілік еттім. Олардың “балапаным”, “құлыным”, “ботақаным” деп еркелеткен сөздерін естіген кезде, мейірлене қараған жүздерін көрген сәтте нағыз бақыттың не екенін түсінгендей болады екенсің. Өйткені, олар біздің бойымызға өмірлік азық болатын жақсылықтың дәнін егеді. Осындай қамқорлықтың, жанашырлықтың көркем үлгісін көрмей өскен бала қандай азамат болып өседі? Ойланарлық сауал.

Жетім балалардың тәрбиесіне барынша көңіл бөліп, оларды тұлға етіп қалыптастыру – тәрбиешілердің ғана жұмысы емес, баршамыздың ортақ міндетіміз деп ойлаймын. Ата-ана қамқорлығынсыз өскен балалардың дені кәмелеттік жасқа толғаннан кейін тағдырдың талай тауқыметін тартатындығы жасырын емес. Екі қолына бір күрек таба алмай, теріс жолға түсіп кеткендері қаншама? Олардың баспанаға ие болып, білім алуларына, жұмысқа орналасуларына мемлекет қажетті шаралардың барлығын қарастырса да, сол игіліктерді дұрыс пайдалану үшін отбасынан алған тәрбиенің орны бөлек қой. Сондықтан да, өмір есігін ашқан сәбидің туған ата-анасының аялы алақанын сезініп өскендеріне не жетсін?! Еліміздің ертеңі – балалардың бақытын ересектер жете ойласа игі.

Мадина НҰРҒАЗИНА,

қазақ мектеп-гимназиясының

11-сынып оқушысы.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp