Прокуратура кейбір уәкілетті органдар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мүлкінің сақталуын бақылауға бағытталған «Қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру қағидаларын» өрескел бұзғанын анықтады.
Айыртау ауданының Балаларды қолдау орталығында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған алты кәмелетке толмаған бала тәрбиеленуде. Олардың Лобаново ауылында орналасқан тұрғын үйде үлесі бар. Қағидаларда белгіленген талаптарға қарамастан, уәкілетті орган ұзақ уақыт бойы мүлікті басқару және бақылау шараларын қабылдамаған. Осының салдарынан аталған тұрғын үйге 2024 жылдың тамызынан бастап заңды негізсіз бейтаныс адам қоныстанған.
Мамлют ауданында «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның талаптары бұзылған. Жетім балаларға арналған 2 коммуналдық пәтерде бөгде адамдар тұрған.
Тағы бір жағдай Ақжар ауданында орын алды. Балаларды қолдау орталығы тәрбиеленушісінің әкесі қайтыс болғаннан кейін облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірінің жарғылық капиталында жер үлесі қалған. Құрылтай құжаттарына сәйкес, кәмелетке толмаған адамның банк шотына жыл сайын әлеуметтік көмек (пайлық дивидендтер) келіп түскен. Алайда уәкілетті орган тарапынан бақылаудың болмауы салдарынан 2024 жылы төлемдер жетім баланың банктік шотына жіберілмеген.
Қабылданған қадағалау шараларының нәтижесінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Тұрғын үйлер бөгде адамдардан босатылды, әлеуметтік көмек төленді.
Жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау мәселелері алдағы уақытта да қадағалау органының бақылауында болады.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».