– Балдырған Қамбарұлы, сіз 40 жылдан астам уақыт білім беру саласында еңбек етіп келесіз. Адам өмірінің мәніне айналатын мамандық таңдауда жаңылмаған сияқтысыз.
– Әкем Қамбар Ілиясұлы соғысқа дейін бастауыш мектептің мұғалімі болып еңбек етіпті. 1941 жылы майданға аттанып, елге капитан шенімен оралған. Соғыстан келген соң да бала оқытуды жалғастырды. Бізге дейінгі аға буын өкілдері сол кісінің тәлімін алды. Әкеме арқа сүйеп өстім. Ол кісі соғыстан алған жарақаты салдарынан дүниеден ерте озды. Ол кезде мен он екі жаста едім. Мені білім беру саласына бағыттаған да сол кісі.
Мектепті аяқтағаннан кейін институтқа түсе алмай, әскерге аттандым. Борышымды өтегеннен кейін арнайы жолдамамен оқуға қабылдандым. Екінші курста танысқан болашақ жарым математика пәнінің мұғалімі еді. Диплом алғаннан кейін Шал ақын ауданындағы Балуан ауылына аттандық. Онда 11 жыл еңбек еттік. Мұғалім болғаныма бір жыл өткеннен кейін оқу ісінің меңгерушісі болдым. Мен шабытты да, махаббатты да сүйікті мамандығымнан алдым.
– Егемендік жылдары облыс орталығында алғаш ашылған қазақ мектептерінің біріне қызметке қабылданыпсыз. Таңдаудың сізге түсуі тегін емес шығар?
– Теледидардан қалада классикалық гимназия ашылатыны туралы хабарды көріп, сонда жұмысқа орналасу үшін жолға шықтым. Интернационал көшесімен келе жатып, бұрынғы қазақ интернаты ғимаратына көзім түсті. Белгілі педагог, марқұм Назымбек Оразымбетов те сол жерде жүр екен. Ол кісі №6 мектепте жұмыс істеу туралы ұсыныс айтты. Бұл қазақ мектептері енді ашылып жатқан қысылтаяң кезең еді. Қазақ ата-аналарының өзі балаларын ұлттық мектепке беруге қарсы болды. Үй-үйді аралап, бала жинадық. «Қазақ тілінің болашағы жоқ. Нені үгіттеп жүрсіңдер?» деп кеудемізден итерген жандарды да көрдік. Не маман, не әдістеме, не оқулық жоқ қиын кезең бүгінгі ұрпақ үшін ертегі сияқты көрінуі мүмкін.
Кейін Жұмысшы кентіндегі №42 орыс мектебіне директор болып тағайындалдым. Бұл оқу орнының да жағдайы мәз емес еді. Аталған ауданда маскүнемдік, нашақорлық, ұрлық-қарлық белең алған. Сондай ортада өскен балалардың жартысы сабаққа келмейтін. Бір бөлігі ұрлық жасап, заңсыз жұмыс істейтін. Мен күн сайын сабаққа келмеген әр баланың үйіне барып, ата-анасымен жолығамын. Мұғалімдермен жұмыс істеп, олардың беделін, біліктілігін арттыруға тырысамын. Мектептің адам шошырлық күйдегі жертөлесін жөндеп, спорттық үйірмелер аштық. Балалар түрлі байқауларға қатысып, ынтасы оянып, ертеңге деген сенім пайда болды. Алғашында мені қабылдағысы келмеген кент тұрғындары кейін қимай қоштасты.
– Білім беру саласында жетістікке жеткендердің бірі басшылық лауазымға, бірі мемлекеттік қызметке, енді бірі зерттеу саласына бет бұрып жатады. Сіздің өз мамандығыңызды бизнеспен ұштастыруыңыздың себебі неде?
– Қазақ мектеп-интернатын басқарып жүрген кезде Германияның Ганновер қаласындағы дидактикалық орталықта болдым. Сонда байқағаным, шетелде жекеменшік білім ордалары көп екен. Табыс тапқысы келген адам ақшасын мектеп пен балабақшаға салады. Елге оралған соң кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алдым. Кейін жеңілдетілген несие алып, 2012 жылы Жұмысшы кентінде балабақша аштым. 2015-2016 жылдары тағы екі жаңа ғимарат сәбилерді қабылдай бастады.
– Қазақтың бұрыннан келе жатқан теріс мінезі – бір азаматы топтан озып, бағы асып бара жатса, балағынан тартып, сүріндіріп қалуға тырысады. Бұл кесел ұлтымызға қайдан жұққан?
– Мен біраз мемлекетте болдым. Мұндай теріс әдет бізде ғана емес, барлық ұлтта бар. Алайда қазақ қоғамында асқынып кеткен. Өмірлік тәжірибеме сүйенсем, мұндай жағдай ер-азаматтың өмірінде 45-55 жас арасында кездеседі екен. Адам алдымен өзін түзеуі керек. Күншілге қарапайым адам да, басшы да, билік те жаман.
Алғашында бәрі дос, бәрі жанашыр сияқты көрінеді. Бірақ жетістікке жете бастасаң күндей бастайды. Мектепте жұмыс істеп жүргенде аяқтан шалғысы келгендер көп болды. Қазақ оқулықтарын сараптау бойынша көп жұмыс істедім. Кейін ол еңбектен де атымды өшіріп тастапты. Алайда Құдайға шүкір, атымды ел біледі, халық сыйлайды. Шындықтан тайған кезім жоқ. Маған мансап пен медальдің керегі жоқ. Өз ісімді дөңгелетіп отырған қарапайым кәсіпкермін.
– Өңірде қазақ тілді балабақшалардың аздығы ата-аналар үшін басты мәселеге айналып отыр. Сіз жетекшілік етіп отырған балабақшада ұлттық тәрбиеге қаншалықты көңіл бөлінеді?
– Бұл мәселе құр айқаймен шешілмейді. Әркім өз әлінше іс қылса, тіліміздің мәртебесі биіктейді. «Әр бала – бір жұлдыз», «Адал азамат» сынды жобаларды қолға алдық. Аптаның әр күнін ұлттық тәрбиеге арнаймыз. Дүйсенбі әнұран айтсақ, сейсенбіде қазақ тілін үйренуге ден қоямыз, жұма ұлттық киім киеміз. Орыс топтарындағы балалар да мемлекеттік тілді үйренуде. Олардың санасына Қызылжар атауын да сіңіріп жатырмыз. Өзге этнос өкілдерінің ұл-қыздары әңгімесін «Біздің Қызылжар қаламызда» деп бастағанда көңілің көтеріліп, жаның жадырайды. Әжелер, аналар, әкелер мектебі жұмыс істейді.
– Білім саласы өкілдері тарапынан қазақ балалары тұйық, бұйығы, басқа этностың ұл-қыздары ашық, еркін, белсенді деген пікірді жиі естиміз. Мұны сіз де байқап жүрсіз бе?
– Бұл сөздің жаны бар. Орыс халқының жақсы қасиеті шындықты ашық айтады, өсек-аяңға сенбейді. Балабақшаға алып келгенде сәбилерінің қандай кемшілігі барын жайып салады. Ал өзіміздің қазақ балаларының ішінде жалтақ, тұйық бүлдіршіндер көп. Біз баланы сеніммен емес күдікпен тәрбиелейміз. Әр қадамынан қорқыныш іздеп отырамыз. Өз сәбиінің тілінің жетілмегенін жасыратын әке-шешелер де бар. Жағдайы жақсы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалардың көбі түрлі дертке шалдыққан. Аутистер көп. Біз баланы жеке тұлға емес, меншік ретінде көру дағдысынан әлі арыла алмай келеміз.
– Былтыр облыс әкімімен болған кездесуде жекеменшік балабақша иелері белгіленген қаржының балаларды тамақтандыруға жетпейтінін айтып шағымданды. Халықтың алқымынан алған қымбатшылық бизнестің де дамуын баяулатуы мүмкін бе?
– Қазір кәсіпкерлердің күні-түні ойлайтыны осы. Өзім де таңертең көзімді аша сала доллардың бағамын қараймын. Өйткені баға ырыққа бағынбай барады. Ал біздің сапаны төмендетуге қақымыз жоқ. Мемлекеттен әр тәрбиеленуші үшін қаржы аламыз. Алайда бұл көмектің көлемі соңғы 5 жыл бойы өзгерген жоқ. Санаулы күндерден кейін жаңа салық заңнамасы күшіне енеді. Салық мөлшері көбейген соң, баға тағы ырық бермей кетеді. Азық-түлік, коммуналдық қызмет құны аспандаса, біз де қызмет құнын арттыруға мәжбүр боламыз. Осыны ойлағанда жыларман күйге түсемін. Жатсам-тұрсам балаларға жайлы жағдай жасауды уайымдаймын. Бала – мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды.
– Сіздің ән айтып, өлең жазып, аспапта ойнайтыныңызды білеміз. Жұмыстың көптігінен шығармашылық қабілетіңіз шетте қалып қойды деп өкінбейсіз бе?
– Адам – өз өмірінің сәулетшісі. Оның көркем безендірілуі де, сүреңсіз күйге түсуі де өзіне тікелей байланысты. Мен өмірді қиындатпай, алғыспен өмір сүру керек деген қағиданы ұстанамын. Өтіп кеткен іске өкінген кезім жоқ. Тағдыр деген де сол емес пе? Әр сәтіме ризамын. Ән айтқаннан бөлек жабайы табиғат туралы танымдық хабарларды қызыға қараймын. Немерелеріммен ойнаймын. Отбасыммен табиғат аясына шыққанды жаным сүйеді. Тамақ та пісіремін. Спорттан қол үзген емеспін. Қыста шаңғы тебемін. Кешкісін фитнеске, күнара жүзуге барып тұрамын. Бұрын жұдырықтасумен айналысқанмын. Бильярдты жақсы ойнаймын. «Сыр сандық» деген жыр жинағым жарық көрген.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».