Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында Петропавл қаласындағы И.Шухов атындағы кітапханада “Президент күні – Қазақстанның тарихи жетістіктерінің айғағы” тақырыбында өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметі жас мамандарының қатысуымен “дөңгелек үстел” өтті. Оның жұмысына облыстық әкімдіктің “Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру” өңірлік орталығының директоры Сабыр Ибраев қатысты. Сабыр Смағұлұлы өз сөзінде еліміздің қалыптасу кезеңдеріне тоқталды.
1991 жылдың 1 желтоқсаны Қазақстан тарихында есте қаларлық күн болды. Алғаш рет сайлау өтіп, нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның Президенті болып сайланды. Сайлауға қатысушылардың 98,78 пайызы Тұңғыш Президентке дауыс берді.
Қазақстанда бастау алған Тұңғыш Президент күні мерекесінің уақыт өткен сайын маңызы артып, халықтық шараға айналды деп толық сеніммен айтуға болады. Өйткені, бұл да жаңғырудың, жаңашылдықтың белгісі. 1 желтоқсан күні ұрпақ есінде мәңгілік сақталуы тиіс.
Еліміздің қалыптасу жылдарында басымызға көптеген қиындықтар түсті, бірақ негізгі құндылықтар сақталды. Даму, тұрақтылық және біздің республикамыздың көпұлтты халқының бірлігі мызғымай, әрі қарай жетілдірілді. Осының барлығына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың таңдаған стратегиясының арқасында қол жеткізілді.
Сабыр Смағұлұлы өзінің баяндамасында аға ұрпақтың жадында қалған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында болған ең елеулі оқиға Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің енгізілуі екенін айтты. Сөз соңында ол: “Елбасы – мемлекет бірлігінің символы. Тұңғыш Президент күні – идеологиялық мазмұны жағынан тәуелсіз Қазақстанның даму жолындағы жетістіктерінің салтанаты”, – деді.
Амангелді ӘУЕСХАНОВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметінің баспасөз хатшысы.