Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” атты Жолдауының ең басты ерекшелігі қоғам өмірінің барлық саласын қамтуында деп ойлаймын. Маңызды құжатта экономика, құқық қорғау, бизнес, білім мен ғылым, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы, мәдениет және руханият саласының сан қырлы мәселелері қамтылып, нақты шаралар мен орындалуы тиіс міндеттер ұсынылды.
Елбасы жергілікті тауар өндірушілерге үнемі қолдау көрсетіп келеді. Экономикалық саясаттың басты бағыты – отандық өнімдер мен тауарлардың сыртқы нарықтағы үлесін молайту. Мемлекет басшысы осыған орай Үкімет пен Ұлттық банкке басым бағыттағы өндіріс саласын, шағын және орта бизнесті несиелеу үшін 600 миллиард теңге бөлуді тапсырды.Бұл ұсыныс солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер тарапынан да қызу қолдау тапты. Қазақстанның дағдарысқа қарсы мүмкіндіктері зор екенін дәстүрлі тарихи құжат тағы бір айғақтап берді. Бұған дейін қабылданған стратегиялық шешімдер мен нақты іс-қимылдардың арқасында кәсіпкерлік сала ұлттық экономиканың жетекші күшіне айналып, онымен айналысушылардың қатары көбейіп келеді. Десек те, бұл бағытта әлі де басымдыққа жете алмай келе жатқанымыз жасырын емес. Әсіресе, шикізатты өңдеу, өндіру және өткізу, тың технологияларды игеру жағынан шетелдік әріптестерімізден үйренеріміз аз емес. Осы себепті бұл салаға мемлекеттің қаржы ресурстарын тарту өте маңызды. Бизнес-ортаны түбегейлі жақсартуда, кеңейтуде отандық тауарлар мен өнімдердің орны бөлек екені ешқандай талас тудырмаса керек.
Бүгінде шағын және орта кәсіпорындардың еліміздің ішкі жалпы өніміндегі үлесі 26-30 пайыз ғана. 2050 жылы бұл көрсеткішті кемінде 50 пайызға дейін жеткізу міндеті тұр. Олай болса, өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдауға алдағы үш жылда қосымша 500 миллиард бөлінетінін ескерсек, мұны қуатты елдің тірегі саналатын кәсіпкерлік субъектілерін өркендетудің, игі істерге ынталандырудың, инвестициялық ахуал қалыптастырудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың, ауылдықтарды тұрақты еңбекпен қамтамасыз етудің бірден бір көзі деп ұққан абзал. Өзім басқарып отырған “Ахмуддинов” кәсіпорнында жетпістен астам адам еңбек етеді. Мемлекеттің қолдауының арқасында бизнесіміз жыл сайын өркендеп келеді. Жұмысшылардың орташа жалақысы 150 мың теңгеден асады. Алдағы жоспарларымыз да ауқымды. Бүгінде біздің кәсіпорын шығаратын өнімдерге еліміздің барлық өңірлерінен, Ресей мен Германия елдерінен сұраныс жоғары. Отандық тұтынушылардың тілегін қанағаттандырып қана қоймай, алдағы жылдары бірқатар шетел нарығына шығуды көздеп отырмыз. Кәсіпорын жанынан OSB фанераларын жасайтын өндіріс орны ашылса, тағы қырықтан астам адам жұмыспен қамтылмақ.
Кез келген кәсіпорынның қарышты дамуы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына да байланысты. Бұл орайда Елбасымыз айтып отырған “7-20-25” бағдарламасы баспанасы жоқ азаматтарға таптырмас мүмкіндік болып отыр. Қазіргі уақытта біздің кәсіпорын мамандарының тоқсан пайызынан астамының өз үйлері бар. Баспанасы жоқ төрт-бес қызметкеріміздің аталмыш бағдарламаға қатысуына барынша қолдау көрсетеміз. Ол үшін бастапқы жарнаны кәсіпорын есебінен төлеуді қолға алмақшымыз.
Мен шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына көптен бері атсалысып келемін. Бір аңғарғаным, өңіріміздегі базарларда, дүкен сөрелерінде шетелдің өнімдері самсап тұр. Көздің жауын алады. Басым көпшілігі көрші Ресейден жеткізіледі. Бағасы қолжетімді көрінгенімен, сапасының төмендігіне, экологиялық тазалығына жұртшылық мән бере бермейді. Сондықтан Жолдауда кәсіпкерліктің инновациялық белсенділігін нығайтудың қаншалықты маңызды екенін, ел экономикасын тұрақтандырудағы өзіндік орнын анық ұқтырды.
Бұл жолғы Жолдауда “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын 2025 жылға дейін ұзартып, оны жүзеге асыру үшін қосымша 30 млрд. теңге бөлу қажеттігі айтылды. 2010 жылы қабылданған бағдарлама осы уақытқа дейін мыңдаған адамның жеке ісін бастап, кәсібін дөңгелетіп, жұмыспен қамтылуына айтарлықтай септігін тигізді. Халық игілігі үшін қабылданған бағдарламаның тағы бес жылға ұзартылғаны – ерекше қуантарлық жағдай. Осы уақыт ішінде қосымша 22 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.
Жолдауда айтылған өзекті мәселелердің бірі – ауыл тұрғындарының қалаға үдере көшуі. Бұл – жалғыз біздің елімізде ғана емес, бүгінде әлемде қанат жайған үрдіс. Тұрғындар үлкен қалалардың төңірегіне шоғырлануда. Ішкі көші-қонды дер кезінде қолға алмаған мемлекеттер күрделі әлеуметтік, саяси мәселелермен бетпе-бет келуде. Сондықтан 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін еліміздің басқарылатын урбанизациясының жаңа картасына айналатын 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамудың болжамды схемасын әзірлеу тапсырылды. Шынында да аталмыш құжат іске асырылса, елдегі бей-берекет көші-қонның алдын алып, урбанизацияны белгілі бір деңгейде жоспарлы түрде жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы да урбанизациялық үдерістерді бақылап, туындайтын мәселелерді алдын ала болжап, шешуге мүмкіндік бермек.
Ауылдың көк майсасына аунап, жұпар ауасымен тыныстап өскен азамат ретінде Мемлекет басшысының “Ауыл – Ел бесігі” жобасын қолға алу туралы ұсынысын ерекше қуанышпен қабылдадым. Бұл халқымыздың талай толағай тұлғаларын, аяулы ақындарын, ғұлама ғалымдарын түлеткен алтын бесіктің одан сайын гүлденуіне серпін бермек. Елді мекен тұрғындарының әрбір мәселесі шешімін тауып, халықтың еңсесі көтеріңкі болса, болашақ та баянды болмақ. Менің ойымша, бұл жобаның сәтті жүзеге асырылуына еліміздің әрбір азаматын жұмылдыру керек.
Сермұханбет АХМУДДИНОВ, кәсіпкер.
Қызылжар ауданы.