Тимирязев ауданында 16 ауылдық округ бар. Өткен жылы мұнда мал шаруашылығы саласы алға басқандығы байқалады. Тоғыз жүзге жуық адам “екі қолға бір күрек” тапқан. Білім саласы да қарқын алыпты. Аудан облыста Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша үшінші орынға табан тіреген. Алайда, тимирязевтіктер арасында қатерлі ісік ауруына шалдыққандардың қатары артқан.
– Аудан бойынша қазір бізге 6 дәрігер жетіспейді. Денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасы жыл санап нығайып келеді. Орталық ауруханаға өткен жылы қажетті көліктер сатып алынды. Жалпы медициналық ошақтар әр округте жұмыс істеп тұр, – деді тұрғындар алдында есеп берген аудан әкімі Еркін Базарханов.
Аудан әкімінің есебінен кейін тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын ортаға салды.
– Мен аудан орталығындағы Уәлиханов көшесінде орналасқан екіқабатты үйде тұрамын. Температуралық режім сақталмайды. Яғни, от тиісті деңгейде жағылмайды. Сонда біз не үшін ақша төлейміз? – деп реніш білдірді Салтанат Құрманова.
– Бұл үйдің қазандығы жөндеуді талап етеді. Оны биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің арқасында жүргізетін боламыз. Менің ойымша, мәселе биыл шешімін табады, – деді Еркін Базарханов.
Жиында балабақша жеткіліксіздігі, таза ауызсу мәселелеріне қатысты сұрақтар да қойылды.
Аудан әкімінің тұрғындар алдындағы есебіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ғауез Нұрмұхамбетов, облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қатысты.
– Жетістіктеріңіз бар. Бұл – сіздердің еңбектеріңіз. Одан әрі жұмыс атқарыңыздар. Аудан әкімі – жаңа келген азамат. Қолдап, бірге қызмет жасаңыздар. “Бірлік бар жерде, тірлік бар” деп қазақ бекер айтқан жоқ. Сондықтан алда жақсы нәтиже болады деп ойлаймын, – деді есепті кездесуді қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров.
Жиыннан кейін Ғауез Нұрмұхамбетов пен Айдарбек Сапаров аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,
журналист.