«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІСУДА ЖАҚТАСТАР ФОРУМЫ ӨТТІ

6 сәуірде Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Алматы облысында болды. Бұл жерде олар студент жастармен, “Қорғас – Шығыс қақпасы” арнайы экономикалық аймақ қызметкерлерімен жүздесіп, кандидаттың мыңдаған жақтастарының форумына қатысты.

“Жастар” спорт сарайында Талдықорған қаласының 6 мыңнан астам тұрғыны, соғыс және еңбек ардагерлері, Жетісудің танымал және құрметті азаматтары, қоғам және мәдениет қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес және кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, студент жастар мен спортшылар жиналып, Н.Назарбаевты қолдайтындарын айтты.  

“Біз, қазақстандықтар, шын мәнісінде бақытты халықпыз! Көптеген елдер, тіпті, екі халықтың арасындағы бейбітшілікті сақтай алмай отырғанда Қазақстанның тамаша жерінде 100-ден астам этнос тату-тәтті өмір сүруде. Егер біз оны сақтап қалғымыз және арттыра түскіміз келсе, мен баршаңызды Елбасымызға дауыс беруге шақырамын. Күш – бірлікте!” – деді Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Алматы облысының құрметті азаматы Светлана Гаитова.

Республикалық қоғамдық штаб мүшелерінің І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесуі барысында облыс жастары Елбасы есімімен байланысты жарқын болашақ үшін дауыс беруге дайын екендігін жеткізді.

“Жастар барлық уақытта да өз халқының үкілеген үміті болған. Бүгінгі студенттер – ертеңгі инженерлер, ұстаздар, дәрігерлер. Бүгін Президент бізге зор қамқорлық көрсетуде. Ертеңгі күні біз жауапты қадам жасап, Отанымызды өз қамқорлығымызға алуға тиіспіз! Біз Президентпен біргеміз, біз Президентті қолдаймыз!” – деді І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жас ғалымы Дамир Дигай.

Штаб мүшелері Панфилов ауданында орналасқан “Қорғас – Шығыс қақпасы” АЭА-ның жұмысшыларымен жүздесті. “Казстройкомпания” бас директоры Әділжан Тұрсынжанов “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауында елдің инфрақұрылымдық дамуы мен экономикасын көтеруге ерекше көңіл бөлінгеніне тоқталды.

Түстен кейін республикалық қоғамдық штаб мүшелері Талғар ауданы ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен кездесті. “Баденко Ю.А.” шаруа қожалығының басшысы Юрий Баденко өз шаруашылығының “Агробизнес – 2020” бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқанын әңгімелеп берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp