Еліміздің дамуының тарихи кезеңдерінде, Қазақ даласында хандық билік жойылып, дуандар құрылғаннан былай орыс империясы билікті, басқару тізгінін генерал-губернаторлардың қолдарына ұстатқаны белгілі.
Қазақ жерінде құрылған осы басқару жүйесін қолға алғандардың арасында тұрғылықты аймақты айбарымен қорқытып-үркітіп, ел ішіндегі беделді адамдарды біріне-бірін айдап салып, рулардың арасына жік кіргізіп, Абай: “Бірде оны жарылқап, бірде мұны, қуды ұнатты-ау, Семейдің бұл қаласы” деп жазғандай, зымияндық саясат ұстанғандар болды. Алайда, қазақ халқының қамын ойлаған, әділдіктің ала жібінен аттамаған генерал-губернаторлар да болғанын білуіміз керек. Бұлар – біздің еліміздің тарихында үлкен рухани өрлеуге қол жеткізу мақсатын көздеген азаматтар. Олар қазақтың ақыл-парасат иелері, тұғырлы тұлғалары дерлік перзенттерін қолдап, көмек беріп отырған. Сонымен бірге өздері басқаратын аймақта әділдіктің үстемдігін орнатуды талап еткен. Қарамағындағы қызмет адамдарын парақорлық, жік салушылық сияқты қылмыстарға жол бергені үшін жазалай да білген.
Мұндай басшылар Шоқанмен, Абаймен жақсы қарым-қатынаста болғаны да тарихи шындық. Мен биылғы жылдың 11 маусымында “Солтүстік Қазақстанда” жарияланған “Рухани достықтың әлеуеті” деген мақаламда генерал-губенаторлар Г. Колпаковский мен оның адъютанты генерал Фон-Кауфманның Шоқанның қайғылы қазасынан кейін оның құлпытасын орнатуға, ғылыми еңбектерін жариялатуға өз қаражаттарын жұмсағаны туралы жазған едім.
Орыс империясының алпауыт басшыларының арасында Шоқанның жанашыр, шынайы достары аз болмаған. Соның бірі әскери басшы, Омбының оқыған зиялысы Карл Гутковский еді. Шоқан оған Герасим Колпаковский туралы жазған хатында былай дейді: “Бізде Колпаковский Қырғыз губернаторы болып сайланады, ал Фридрихсті басқа қызметке ауыстырады деген сыбыстар шығып жатыр. Белгілі дәрежеде бұл әділетті сияқты. Сіз жақсырақ білуге тиіссіз, мен өзім бұл сыбыстарға еш таңғалмаймын және Колпаковскийді біздің ханымыз етіп қойса, қуанатын да шығармын…” (1863 жылғы 16 қаңтардағы хатынан).
Колпаковский сияқты аты айтуға тұрарлық генерал-губернатордың бүкіл өмірінде осындай игіліктер мол болуға тиіс деген бір оймен ол жайындағы зерттеулерге зер салуды көздеген едім. Өйткені, оның қазақ халқының тарихында орны бөлек. Сондықтан ізденіс үстінде қазақтың алғашқы темір жол инженері әрі тарихшысы, сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны Мұхамеджан Тынышпаевтың “История казахского народа” атты еңбегі қолыма тигеніне айрықша қуандым. Өйткені, іздегенім алдымнан шықты.
М. Тынышпаев (1879-1937) – Алаш қозғалысының серкесі, Екінші мемлекеттік думаның депутаты. Артына осындай елеулі еңбек қалдыруды мақсат еткен оқымысты аталған тарихи кітабында қазақ халқына жанашыр болған Герасим Алексеевич Колпаковский және Фон-Кауфман жайында кейінгі ұрпақтарға танымы мол деректер жазған.
Г. Колпаковский (1819-1896) 1867 жылдан Жетісудың, оның ішінде Түркістанның да генерал-губернаторы қызметін атқарған. Оны Жетісу өңірінің қазақтары “Біздің әкеміз!” деп мақтан тұтқан екен. Халық айтса, қалып айтпайтынын ескерсек, бұл лебіз негізсіз емес-ау!
“Қырғыздардың үміті ақталды: бұрынғы ішкі қақтығыстар және солармен байланысты тәртіпсіздіктер мен жұтау тиылды, орыс әмірлері әділ болып шықты”, – деп жазады М. Тынышпаев Г. Колпаковскийдің басшылыққа келген кезі жайында.
М. Тынышпаев осыдан кейін жаңа генерал-губернатор өзіне дейінгі әміршілердің руларды біріне-бірін өшіктіру амалдарын тыйған соң жергілікті тұрғындардың бейбіт тұрмыс кешіп, мал бағып, егін еккенін, оны генерал-губернатор қолдап отырғанын алға тартады.
1876 жылы Г. Колпаковский Верный (қазіргі Алматы, – З. Ә.) қаласында қазақ балаларына арнап пансионы бар гимназия аштырады. Осы гимназияда М. Тынышпаев та оқып, білім алған.
Ал осы уақытта Фон-Кауфман Ташкентте осындай гимназия ұйымдастырып, Колпаковскийдің ақыл-кеңесімен қазақ балаларын оқуға алдырған және олардың шығынын мемлекет есебінен төлеткен.
Колпаковский 1882 жылы Омбының генерал-губернаторы болып тағайындалғанда осында да ұқсас гимназия ашып, оның жанындағы пансионда қазақ балаларының мемлекет қаржысымен оқып, білім алуына жағдай жасайды. Алайда, ол Петербургке қызмет бабымен ауысқаннан кейін оның орнын басқан генерал-губернатор пансионды да, гимназияны да жаптырып тастаған.
“Жетісу қазақтарының әкесінің” мынадай тарихи ерлігін қалай мақтан тұтпасқа? Тарихтан белгілі болғанындай, қазақ даласына ішкі Ресейден қоныс аударған келімсектер үшін империя басшылары барлық жағдайларды жасаған. Әсіресе, Ресей министрлер кеңесінің төрағасы, ішкі істер министрі Петр Столыпин патшаның қазақтардың шекарадан әрі он шақырым жерді жайлауына тыйым салған жарлық шығаруына қол жеткізіп, ең құнарлы, шұрайлы алқаптарды казак-орыстарға тартып әперген.
Колпаковский және Фон-Кауфман осы зорлық-зомбылықты көздерімен көріп, жергілікті тұрғындардың қиналысына қынжылыс танытқан. Атап айтқанда, ол 1874 жылы Жетісу казак-орыс әскерлеріне жердің барынша көп мөлшерде және ең шұрайлылары бөлініп берілгенін тыю үшін Лепсі уезінде комиссия құрғызып, 100000 десятинаға тарта алқапты қазақтарға қайтартқызады. Осы қайтарып берілген жердің біріне М. Тынышпаевтың отбасы да иелік етеді. Мұндай жерлер қазақтарға Қапал, Верный уездерінде де қайтарылады. Ал Фон-Кауфман 1880 жылғы 1 қазанда казак-орыстар заңсыз қоныстанып алған шұрайлы алқаптардың иесі қазақтар екендігін дәлелдеп, жерлерді қазақтарға тартып әперген.
1882 жылы Фон-Кауфман Ташкентте қайтыс болады. Сол жылы Г. Колпаковский қызмет бабымен Омбыға ауысады. Бірақ ол Жетісу қазақтарының орыс әмірлерінің табанында тапталмауының қамын ойластырып, бұл өңірді Омбы генерал-губернаторлығының қарамағына қостырады. Сөйтіп, өзі 1889 жылы Петербургке Әскери кеңестің мүшелігіне ауысқанша Омбының да, Жетісудың да қазақтарына барынша жақсы жағдай жасап тұрған.
М. Тынышпаев Г. Колпаковский мен Фон-Кауфманның генерал-губернаторлықтарда бармақ басты, көз қыстыға, алымқорлыққа, жемқорлыққа жол бермеу үшін тұрғылықты қазақ халқының мүдделеріне зиян келтіретін, жандарын кір басқан, арсыз адамдарды қатаң жазалап отырғанын жазады. Осындай келеңсіздіктердің алдын алу үшін екеуі де уездердің басшылары етіп мәдениетті, оқыған, адал, жаны кіршіксіз адамдарды өздері сынақтан өткізіп, тағайындап келген.
Олар қазақтардың ішінен пара беруге ынталы, ояздарды ақшамен, мал-мүлікпен сатып алуға үйір адамдарды билікке жолатпауға күш салған, олармен ауыз жаласатын уездер басшыларын да ауыздықтап отырған
Бірақ 1889 жылдан былай, Г. Колпаковский Петербургке қоныс аударып кеткен кезде, оның ірге қалаған бастамасы біртіндеп әлсіреп, ақырында орыс империясының қараниетті басшылары Шкапский, Пантусов және Велецкий ойларына келгендерін істегені, қазақтарға тізесін батырғаны М. Тынышпаевтың аталған еңбегінде баяндалады.
М. Тынышпаевтың тарихи еңбегінің құндылығы – болған ақиқат жағдайларды тарқатып айтуы. Бұл оқиғалар еліміздің шежіресінде көзден таса қалмауға тиіс. Ұлы Шоқан айтқандай, Герасим Алексеевич Колпаковский сынды адамдардың тұлғасына тағзым етуіміз керек.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.