«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІ АДАМ АУРУ ЖҰҚТЫРДЫ

Қазіргі таңда өңірімізде 7 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Соның төртеуі өткен тәуліктерде анықталды.

– Наурыз айының соңғы күні Петропавл қаласының тұрғыны ауру жұқтырғаны белгілі болды. Ол Театральная көшесі 36, мекенжайында орналасқан Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жұмыс істейді. Оның 45 және 49 жастағы қос әріптесінен де қауіпті індет анықталды. Олармен байланыста болған барлық адамдар сараптамадан өтіп, қатаң бақылауда. Науқастардың денсаулығы қанағаттанарлық жағдайда. Тиісті ұйымдар ауру анықталған ошақта эпидемияға қарсы дезинфекциялық шараларды жүргізді. Тұрғылықты мекенжайларында карантиндік шектеу қойылды, – деді орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиев. Сондай-ақ ол тағы екі адамда ауру анықталғанын жеткізді. Бірі Тайынша аудандық ауруханасында зертханашы болып жұмыс істейді. Ал екіншісі – коронавирус ауруын жұқтырған науқастармен карантиндік стационарда байланыста болған медициналық қызметкер.
Брифингте облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова қазір өңірде індет белең алып отырғанын айтып, тұрғындарға үйден шықпауға кеңес берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Тайынша қаласы мен Келлеровка ауылы карантинде. Баяндамашы 65 жастан асқан егде жастағы адамдар үйде оқшаулануы тиіс екенін, кәмелетке толмаған жасөспірімдердің көше кезуі тыйылмай тұрғанын айтты. Енді құқық қорғау органдары тарапынан тәртіп күшейтілетін болады.
Баспасөз мәслихатында мамандар коронавирус ауруына күмән тудырған науқастар бірден «Жедел жәрдем» шақырып, айналасындағы адамдардың өміріне қауіп төндірмеуі керек екенін жеткізді. Бірқатар медициналық қызмет көрсетулерге уақытша шектеу қойылады. Коронавирустан құтылудың бірден бір жолы – үйде оқшаулану. Сондықтан сақтық шараларын қатаң ұстану қажет. Әсіресе, тағам өнімдері сатылатын сауда орындарында адамдар бір-бірінен 2 метр қашықтықта алшақ жүруі тиіс. Азық-түлік дүкендеріне 2-3 адамнан артық кірмеуі керек. Бұл шараларға тұрғындар түсіністікпен қарауы тиіс екенін айтқан Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Владислав Лукин шаһарда атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Қазір қала көшелері мен жаяу жүргіншілер жолдары, саябақ, сверлер мен қоғамдық көліктер дезинфекциялануда.
– Бүгінде қаладағы 183 көше мен вокзал маңы зарарсыздандырылуда. Дезинфекциялық жұмыстарға он көлік жұмылдырылды. Тағы бірнеше техника бөлу қарастырылуда. Күн сайын 420 аялдама дезинфекцияланады. Қауіпті індеттің таралуына жол бермеу мақсатында қоғамдық көліктер саны қысқартылды, – деді Владислав Лукин. Брифинг соңында баспасөз мәслихатына қатысушылар журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Сурет https://ria.ru/ сайтынан алынды.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp