
Жалпыреспубликалық «Музейлер шеруі» акциясы аясында Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлы даланың тарихи толқыны» тақырыбында шара өткізілді. Жиынды ашқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнагүл Ғаббасова мен ардагер Самат Қойшыбайұлы патриоттық тәрбие берудің маңыздылығына тоқталып, аудан тұрғындарын музейге келуге шақырды.
Музейдегі жәдігерлер мен ақпараттық еңбектер Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында көрсетілген жеті бағыт бойынша топтастырылған. Табиғат залында музей қызметкері Ақтұйғын Шопанова археология әлеміне саяхат жасап, қонақтарды Ботай қонысында атқарылған қазба жұмыстарының әдістерімен таныстырды. Көпшіліктің қызығушылығын тудырған шырақтың айналасында Ботай мәдениеті жайлы қызықты деректер айтылды. Келесі залда аңшылық стилі бойынша ардагерлер кеңесінің мүшесі Күлзия Қайырбекқызы ою-өрнектердің түрлері мен қолдану тәсілдері жайлы шеберлік сағатын өткізді. Металлургия бағыты бойынша музейдің бұрынғы директоры Валентина Петрова өз әңгімесін ерте кездегі «Рубель» ағаш үтігінен бастап, оның түрлеріне тоқталды. «Алтын адам» жайлы музей қызметкері Гүлім Нұрғалиева сыр шертті. Аудандық кітапхана қызметкерлері «Континенттер мен өркениеттердің тоғысында» атты тарихи сағатын өткізіп, Алтын Орданың құрылу тарихы туралы деректерді ұсынды. Іс-шараның соңында мектеп оқушыларынан құралған «Шашу» би тобы «Қызғалдақтар» биін биледі.