«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІ ЖАСТАН ЖИНАСАҢ, ЖЕТЕР

Бұрынырақ қыз бойжетіп, ұзатылғанда жасауына көрпе-жастығымен қоса, самауыр, ыдыс-аяқ, қолдан тоқылған алаша, киім-кешек берілген. Қазір заман өзгерді. Жасау деп аталатын ұлттық дәстүрдің атауы сақталғанымен, оның саны мен сапасы әлдеқайда өзгерген. Заман талабына сай ата-ана қызын ұзатқанда жатын бөлменің, асүйдің жиһаздарын, онымен қоса түрлі тұрмыстық техникасын, тіпті, “темір тұлпарға” дейін апарады. Әрине, ақшаң жетіп тұрса, қызыңнан неңді аяйсың? Бірақ “ұят болады” деп, несиеге белден бататындар да бар. Осы жағынан алғанда бүгінгі дағдарыс заманында көрпеге қарай көсіліп, ата-бабадан қалған сүре жолмен жүрсек қайтеді? Бүгінгі сауалнамада осы әңгіме төңірегінде оқырмандар ойын тыңдап көрейік.

Дариға Байбатырова,  

56 жаста:

– Мен анамның жалғыз қызы болдым. Сондықтан шығар, әжем маған ес біле бастағаннан жасау жинады. Әлі есімде, ол кісі терезе алдында отырып, өзінің кішкентай іс тігетін машинасымен оюланған әдемі, неше түрлі көрпелер тігетін. “Бұл кімге, әже?” – деп сұрағанда: “Саған, боташым, ертең өз үйің болғанда керегіңе жаратарсың. Осыларды менің көзімдей сақта, қарашығым”, – дейтін. Шіркін, әжем-ай, сол сөздерді біліп айтқан екен. Қазір оның өз қолымен тіккен әрбір көрпе-жастығы маған ыстық. Тұрмысқа шыққанда ата-анам ақша шығарып, қымбат жиһаз, түрлі тұрмыстық техника әперген жоқ. Мен де сұраған жоқпын. Есесіне, әжемнің оюы көмкерілген әдемі алашаларын жасау етіп берді. Маған соның өзі үлкен сыйлықпен тең болды. Ал қалған дүниенің барлығын жұбайым екеуміз бірге жинадық. Еңбекпен келген дүние құнды болады, оны өз басымнан өткерген соң жақсы түсінем.

Қанат Тілеуқызы,

42 жаста:

– Ата-бабамыздан қалған ғұрыпты сақтасақ жөн. Осылайша ұлттық қолөнерімізді насихаттап, текке мал шашпаймыз. Қытайдың арзанқол жиһаздарын алғанша, азын-аулақ жинаған ақшаны екі жасқа берсе, олар өздеріне керегін таңдап жүріп сатып алады деп ойлаймын. Жасау деген салт-дәстүріміздің сақталғаны жақсы. Бірақ қазір соның түпкі мән-мағынасы өзгеріп кеткен сияқты. Менің түсінігімше, бұрын қыз ұзатқанда оған анасы төсек-орнымен қоса, өзіне ыстық көрінетін бұйымдар, әшекей заттар, қымбат маталар қоса берген. Ал қазіргі жасау байлықты көрсетудің бір амалы сияқты. “Бәленшеден ұят болады” деп, белшеден қарызға батудың да қажеті жоқ. Мен жұмыс істеп жүріп, өз жасауымды өзім жинадым. Себебі, үйде үйелмелі-сүйелмелі бес қыз болдық. Кіші сіңлілерім де тұрмысқа шыққанда осындай ақыл-кеңес бердім. Біріншіден, ата-анаңа көмек көрсетуге, екіншіден, тырнақтап нәрсе жинау үшін еңбек етуге үйренесің.

Ақкенже Бигелді,

58 жаста:

– Бұрынғы кезде қыздың жасауына ата-ана ешбір шығындалмаған. Өйткені, барлығы алдын ала ойластырылып қоятын болған. “Қыздың жасауын жеті жастан жинасаң, жетеді” деген сөз содан қалған. Ал қазір ондай дайындық жоқ. Ақшаң болса, басқасын былай қойып, тіпті, көрпе-жастықтың өзін дүкеннен сатып алуға болады. Бұл бір жағынан қуантады. Екіншіден, осындай дайын дүниелердің көптігі қыз-келіншектерді ине-жіптен алыстатып жіберді. Қазір алаша тоқып, киіз басатын әйелдерді іздесең де, таппайсың. Бұл да мәселенің бір қыры.

Мен ұзатылғанда анам екі ай ішінде қолдан түрлі түсті киіз басып бергені есімде. Маған жасау ретінде сыйлаған киізі әлі күнге сақтаулы. Маған одан асқан қымбат дүние жоқ. Меніңше, мыңдаған, миллиондаған теңгеге түрлі жиһаз алғанша, осындай бір-екі ғана құнды зат берілсе, дұрыс. Осылайша біз ұлттық салт-дәстүрді сақтаймыз және қолөнерді бағалайтын боламыз.

Сауалнаманы жүргізген

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp