Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында 7 жоба талқыланып, оларға қолдау көрсетілді.
– Бұған дейін индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығында жүзеге асырылатын 22 жобаны талқылаған болатынбыз. Бүгін үйлестіру кеңесінің талқылауына кезекті жеті жоба ұсынылып отыр, – деді отырысты ашқан Ерік Хамзаұлы.
Үйлестіру кеңесінде талқыланатын жобаларды индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Ысқақов таныстырды.
Бірінші болып “Торе-Чингизид Л.Т.Д.” ЖШС ұсынған Аққайың ауданының Смирново ауылында салынғалы отырған сабаннан целлюлоза мен картон өндіретін зауыттың жобасы талқыланды. Марат Жақсылықұлының айтуына қарағанда, инвестиция көлемі 650 млн. теңгені, жобаның жылдық қуаттылығы 3500 тонна картонды құрамақ. Құрылыс кезінде – 50, зауыт іске қосылғанда 30 жұмыс орны құрылатын болады. Қазіргі уақытта жаңа нысанды қаржыландыру, жер телімін рәсімдеу мәселелері шешілуде. Зауытты іске қосу 2016 жылға жоспарланған. Қолдау шарасы ретінде “Бизнестің жол картасы” бойынша инфрақұрылым құрылысы қажет.
Серіктестіктің құрылтайшысы Игорь Овчинников елімізде сабаннан картон жасайтын өндіріс орны әзірше жоқ екендігін, Аққайың ауданында зауыт үшін қажетті жағдай жасалатындығын атап айтты.
Ерік Сұлтанов жобаның инновациялығын айта келіп, жер телімін бөлу мәселесін жеделдетіп шешуді және құрылыстың белгіленген кесте бойынша жүргізілуін қадағалауды облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукеновке тапсырды.
“СПМК-4” ЖШС Петропавл қаласында энергетикалық жабдықтар әзірлеу жобасын ұсынып отыр. Оған 135 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылмақ. Биыл іске қосылатын жаңа цех бір жылда 50 блокты жылу қосынын, 50 геотермальды жылу сорғысын шығара бастайды. Серіктестіктің даму жөніндегі директоры Андрей Калинчевтің айтуынша, бұл жоба жылу шығынын бақылауға, оларды тұтынушылардың әртүрлі жүйесі бойынша таратуға, жылу қуатын үнемдеуге мүмкіндік бермек.
Үйлестіру кеңесінің мүшелері бұл жобаға да қолдау көрсетті.
Инвестиция көлемі 1,5 млрд. теңгеге бағаланып отырған келесі жоба – “ИнДорТех” ЖШС-нің инновациялық материалдар өндіру жөніндегі кешеннің құрылысы. Кешен жылына шұңқырларды тегістеуге арналған 45 машина, 14 мың тоннадан полимер-битум эмульсиясы мен полимер-битум шайырын шығаруды қолға алмақ.
Жоба жетекшісі Анатолий Технеряднов бұған қоса құрылыс тәжірибесіне шетелдік алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу және зерттеу үшін “ИнДорТех” ғылыми-өндірістік орталығының қызметін ұйымдастыру, еліміздің автомобиль жолдарын жөндеуге қатысу жоспарланып отырғандығын жеткізді. Биыл жүзеге асырылатын жоба 70 жұмыс орнын құруды көздейді. Қолдау шаралары ретінде инженерлік-коммуникациялық желі құрылысы қажет.
Облыс әкімі аталмыш жобаны бірінші жартыжылдықта жүзеге асырып, Петропавл қалалық халықаралық әуежайының ұшып-қону жолағын қалпына келтіруге пайдалану жағдайына ерекше назар аударды.
“Универсал фирмасы” ЖШС облыс орталығында асфальт-бетон қоспасын, “Ахмутдинов” ЖК биоотын өндіру жобаларын ұсынып, үйлестіру кеңесі мүшелерінен қолдау тапты.
“Единство” ЖШС қаңқа-панельді үй құрылысына құрастырмалы темір-бетон элементтерін өндіру жобасын қолға алып отыр. Жобаның мақсаты – жұмыс істеп тұрған темір-бетон бұйымдары зауытын жаңғырту арқылы оның базасында индустриялық құрылыс комбинатын құру. Құны 439 млн. теңгеге бағаланып отырған жобаның жылдық қуаты 40 мың шаршы метр тұрғын үй болады деп жоспарлануда. Соған орай қаржыландыру мәселесі шешілуде, Италиядан жабдықтар жеткізуге шарт жасалды, құрал-саймандар орнатылатын аумақ әзірленуде.
Жобаға қосалқы трансформатор станциясын салу және кредит бойынша сыйақы ставкасына демеуқаржы беру үшін мемлекеттік қолдау қажет.
Серіктестіктің қаржылық директоры Зүльфия Халитова үйлестіру кеңесінде қолдау тапқан жобаның маусым айында өнім бере бастайтындығын жеткізді.
Хамди Озкараман басқаратын “АРБАТ АС” ЖШС Тайынша ауданында сүт өнімдерін өндіруді мақсат етеді. Индустриялық жобаның құны – 105,6 млн. теңге. Серіктестік бір жылда 120 тоннадан сыр мен сүзбе ірімшік, 240 тонна йогурт өндіруді көздеп отыр. Жергілікті тұрғындарды 50 жұмыс орнымен қамтамасыз ететін жоба биыл жүзеге асырылмақ. Серіктестіктің өндірістік базасы Келлеровка ауылындағы әмбебап дүкеннің бұрынғы ғимаратына орналасқан. Оған Түркияның жабдықтары орнатылған. Өндірісті іске қосу үшін рұқсат беру құжаттары әзірленуде. Жоба кредит бойынша кепілдік беруді қажет етеді.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов облыстың бұл аумағында сүт өнімдерін өңдеумен айналысатын өндіріс орындарының жоқ екендігін айтып, алдағы жұмыс сапарында жаңа нысанға арнайы соғатындығын жеткізді.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.