Бала кезінен алғыр, жаңашылдыққа құмар Махаббат Исимбаева жоғары оқу орнын стандарттау, метрология және сертификаттау мамандығы бойынша тамамдаған. Өндіруші мен тұтынушы үшін жоғары экономикалық тиімділікке, сапаға, өнім және қызмет көрсету қауіпсіздігіне бағытталған мамандықтың қыр-сыры өте көп.
Махаббат әкесі Дәулеткелді Есләмбекұлын үлгі тұтады. Шаңырағының қамқоршысына, балаларының ақылшысына айналған отағасы да – көп жылдар бойы осы салада еңбек еткен қызметкер.
Темірдің тілін жетік меңгерген әке жолын ұлдары Бақыт пен Қуаныш та жалғастырып, бүгінде отбасылық ортақ іске қолдан келгенше сүбелі үлес қосуда. Ата-ананың үкілеген үмітін, сенімін ақтауға тырысқан балалары 2008 жылы таразы жөндейтін жеке істерін ашқан. Бүгінгі таңда біраз белесті бағындырған “Исимбаев” жеке кәсіпорнының директоры Махаббат – жас болса да, өз ісіне алғыр, талапты, жігерлі жандардың бірі. Заман талабына сай болуды мақсат еткен кәсіпкер сауда үйлерінде қолданатын кішкентай таразылардан бастап, ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшеуге арналған құралдарды жөндеп, құруда жаңашылдығымен ерекшеленуге тырысады. Бұл – жас басшының жұмысқа ерекше көзқарасының, ізденімпаздығының белгісі.
Махаббат жеке кәсібін 4-курс студенті болып жүрген кезінде бастаған. Қазір осы алған бағытында жеті жыл жемісті еңбек етіп келеді. Білімін жетілдіре түсу үшін “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ қызметкерлерімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.
Биікке ұмтылған бойжеткен 2010 жылы көлік таразысын жаңғырту тақырыбы аясында жоба жасап, жас кәсіпкерлер арасынан топ жарып, республика бойынша ондыққа іліккен. Араға жыл салып, Топ-менеджмент бағдарламасы бойынша “Даму” қорының қолдауы арқасында Назарбаев Университетінде кәсіпкерлерге арналған курсқа қатысып, білікті мамандардан дәріс алған. Күн сайын білімін жетілдіруді мақсат еткен Махаббат – қазір сегіз адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жас кәсіпкер. Оның ұжымында орташа еңбекақы 80 мың теңгені құрайды.
– Әке ақылы мені адастырмады. Соның арқасында ағаларыммен бірге өзіме ұнайтын жұмыспен айналысып жүрмін. Әлі жас болғандықтан, белгілі бір белестерді бағындырдым деп айту артық деп ойлаймын. Бірақ алар асулар әлі алда, – дейді Махаббат.
Ата-ананың үмітін ақтауға тырысып, тынымсыз еңбек етіп жүрген Махаббат анасына көп көңіл бөліп, үй шаруасымен де толықтай өзі айналысады. Осылайша қос тізгінді қатар ұстаған бойжеткен уақытын ұтымды пайдалану арқасында қоғамдық жұмысқа да белсене араласуда. Махаббат облыстық іскер әйелдер қауымдастығымен тығыз байланыста жұмыс жүргізеді. Мақсат – ортақ. Ол – еңбек етіп, еліміздің дамуына өз үлесін қосып жүрген қыз-келіншектердің бүгінгі қоғамдағы рөлін көрсету. Облысымыздың белсенді, білімді, білікті қыз-келіншектері қатарынан көрінген Махаббат жақында Петропавл қаласында өткен “Нұрлы жол – жаңа мүмкіндіктер” атты облыстық форумға қатысты. Жүзден астам іскер әйелдердің басын қосқан жиында Махаббат жас кәсіпкерлер атынан сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек, қолдау жайында айтып, өз ойын ортаға салуға мүмкіндік алды. Өз қатарластарынан оза шауып, алдыңғы шептен көрінген жалынды жас – “КазФонд” үкіметтік емес ұйымының жетекшісі. Талапты жастардың басын біріктірген ұйым Елбасының саясатын қолдап, еліміздің одан сайын дамуына бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруға арналған жоспарлы іс-шараларды өткізумен айналысады.
Таңдаған мамандығын жетік меңгеруге ұмтылыс жасаған Махаббаттың алдына қойған ендігі мақсаты – құрылыс саласына қатысып, өзін осы қырынан да сынап көру.
– Менің ендігі қолға алған ісім – өзімнің жобам бойынша жүзеге асатын тоғызқабатты үй тұрғызу жұмыстарына қатысу. Осы межеге қол жеткізсем, ол менің үлкен бір жеңісім болар еді, – дейді Махаббат ойындағысымен бөлісе отыра.
Бүгінгі таңда Махаббат басшылық ететін кәсіпорын жұмысшылары облыс бойынша “Тайынша-Астық”, “Атамекен Агро”, “Шатило и К”, “Чистовский”, “Аби-Жер”, “Боголюбово” сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен жұмыс істеп, көлік таразыларын құрып берген.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.