«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕТІ РЕТ САЛЫСТЫР ДА, БІРЕУІН ТАҢДА

Ерте ме кеш пе, күндердің күнінде біз де зейнет жасына келіп, зейнетақы алатын боламыз. Оның қандай болатынын өзіміз шешеміз. «Өз жинақтарымды зейнетақы қорына қалдырып, зейнетақы алатын уақытты күтем бе, жоқ зейнетақы аннуитеті шартын жасап, өз қаражатымды өмірді сақтандыру компаниясына (ӨСК) аудара отырып, құрметті демалыс қорын қазірден бастап пайдалансам ба?» деген сауалдарды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) бір салымшысы қойды. Біз оған бұл мәселелерді барынша толық түсіндіруге тырыстық және зейнетақы алудың екі нұсқасын салыстырмалы түрде талдап бердік.

Қайрат 55 жаста, ол 1961 жылы 21 желтоқсанда туған. Оның қазіргі алатын жалақысы 150 000 теңге (салық шегерілмеген). Оның зейнетақы шотында 8 200 000 теңге жиналған, ол қаражатын ӨСК-ге аударғысы келеді, бірақ оның қаншалықты тиімді екенін біле алмай дал болуда.

Төменде ӨСК мен БЖЗҚ-ның барлық тиімді және тиімсіз жақтарын көрсетіп, Қайраттың өзіне ыңғайлы нұсқаны таңдауына көмектесуге тырыстық:

ЗЕЙНЕТАҚЫ ТӨЛЕМДЕРІН АЛУ ҚҰҚЫҒЫ ТУЫНДАЙТЫН ЖАС

ӨСК

Ерлер 55 жасқа толғанда, әйелдер 50 жасқа (2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 50,5 жасқа;

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 51 жасқа;

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 51,5 жасқа;

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 52 жасқа;

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 52,5 жасқа;

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 53 жасқа;

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 53,5 жасқа;

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 54 жасқа;

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 54,5 жасқа;

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап – 55 жасқа) толғанда;

БЖЗҚ

Ерлер 63 жасқа толғанда, әйелдер 58 жасқа (2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа;

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа;

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа;

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа;

2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа;

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа;

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа;

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа;

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа;

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 63 жасқа) толғанда.

ТӨЛЕМ ТӘРТІБІ

КСЖ

Зейнетақы жинақтарын ӨСК-ге аудару кезінде кезеңдік сақтандыру төлемдері ай сайын, тоқсан сайын немесе зейнетақы аннуитеті шарты тараптарының келісімі бойынша басқалай тәртіппен, бірақ жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады. Бұл ретте, сақтандыру ұйымынан төленетін ай сайынғы сақтандыру төлемінің мөлшері зейнетақы аннуитеті шарты жасалған күні қолданыста болған ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен болмайды. ӨСК сақтандыру төлемдерін зейнетақы аннуитеті шартында деректемелері көрсетілетін сақтанушының банк шотына аударады. ӨСК сақтандыру төлемдерінің сомасын аударуға, есептеуге және төлеуге байланысты банк қызметтеріне өз қаражаты есебінен ақы төлейді.

БЖЗҚ

Зейнет жасына толған кезде зейнетақы төлемдері белгіленген кесте бойынша (ай сайын, тоқсан сайын, жыл сайын) төленеді. Бұл ретте белгіленген кесте бойынша зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасы мынадай шамаларда есептеледі және:

1) республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген ең төмен зейнетақының отыз еселенген мөлшерінен аспайды (2016 жылы «2016-2018 жылдарға арналған Республикалық бюджет туралы» ҚР Заңында ең төменгі зейнетақы мөлшері 25 824 теңгеге ұлғайтылды), яғни 774 720 теңге болды (30*25 824));

2) зейнетақы жинақтары сомаларының алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне көбейтіндісі ретінде есептелген неғұрлым жоғары шамасынан аспайды. Бұл есеп егер 58 жасқа толған әйелдердің зейнетақы жинақтарының сомасы 8 223 330,85 теңге және одан көп болған, ал 63 жасқа толған ерлерде 7 401 547,72 теңге және одан көп болған жағдайда қолданылады.

БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін алушының деректемелері зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініште көрсетілген банк шотына аударады. Зейнетақы жинақтарын аударуға, есептеуге және төлеуге байланысты банк қызметтеріне ақы төлеу, оларды айырбастау және алушылардың шетел банктерінде ашылған банк шоттарына аударуды қоспағанда, БЖЗҚ-ның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

АЙ САЙЫНҒЫ ТӨЛЕМДЕР

ӨСК

Еске түсірейік, салымшының шотында 8 200 000 теңге бар. Сондықтан аннуитет осы сомадан есептеледі. Осылайша, 55 жаста ай сайынғы төлемнің мөлшері жыл сайынғы 5% индекстеуді қосқанда 32 518 теңге болады. Зейнет жасына толған кезде, яғни 63 жасқа толғанда оның ӨСК-ден зейнетақысы 48 044 теңге, ал БЖЗҚ-дан жинақтары 15 793 теңге (себебі, осы жылдардың барлығында ол 15000 теңге мөлшерінде зейнетақы аударып отырған), жиынтығында 63 837 теңге болады. ӨСК-ден жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдері Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 20.10.2015 ж. №194 қаулысымен бекітілген Зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру ұйымынан жүзеге асыратын сақтандыру сыйлықақысын және сақтандыру төлемін есептеу әдістемесіне сәйкес есептеледі, бірақ жоғарыда көрсетілгендей, ӨСК-ден төленетін ай сайынғы сақтандыру төлемінің мөлшері зейнетақы аннуитеті шарты жасалған күні қолданыста болған ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен болмайды. Сақтандыру төлемінің мөлшерін есептеу үшін есептеу барысында өлім-жітім көрсеткіштері пайдаланылатын ағымдағы құн факторын пайдаланатынын атап көрсеткен жөн.

БЖЗҚ

Бұл салымшы жинақтарының сомасы ол 2024 жылы зейнетке шыққан кезде, яғни 8 жылдан кейін ұлғайып, 14 816 871* теңге болады. Сәйкесінше, ол көбірек, дәлірек айтқанда ай сайын 129 240 теңге алатын болады.

ТӨЛЕМДЕР АЛУ КЕЗЕҢІ

ӨСК

өмір бойы

БЖЗҚ

Зейнетақы жинақтары таусылғанша

МҰРАГЕРЛІК

ӨСК

Өмірді сақтандыру компанияларында сақтандыру сыйлықақысын мұраға қалдыру құқығы жоқ, бірақ кепілдік мерзімі бар (егер бұл жағдайда 20 жылға кепілдік мерзімін таңдаса, алғашқы төлем 28 107 теңге болады). Егер кепілдік кезеңі ішінде салымшы қайтыс болса, онда оның мұрагерлері немесе аты-жөні аннуитет шартында көрсетілген тұлғалар кепілдік кезеңі біткенге дейін ӨСК-ден кесте бойынша сақтандыру төлемдерін алады. Кепілдік мерзімі ұзартылмайды, ал жинақтардың қалған сомасы мұраға қалдырылмайды.

БЖЗҚ

Міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Бұл ретте, мұрагерлер өтініш білдірген жағдайда, БЖЗҚ қайтыс болған адамның зейнетақы жинақтарының сомасын төлем күні есептелген инвестициялық табыспен бірге нотариус белгілеген мөлшерде (%, сомада) мұрагерлеріне төлейді.

САҚТАЛУ КЕПІЛДІГІ

ӨСК

ӨСК 6% инвестициялық табысқа кепілдік береді. Мөлшерлеме аннуитеттік төлем есептелген кезде қолданылады.

БЖЗҚ

Мемлекет міндетті, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының және құнсызданудан төмен болмайтын инвестициялық табыстың сақталуына кепілдік береді. Басқа сөзбен айтқанда, мемлекет құнсызданудың жинақтарды «жеп қоймайтынына» кепілдік береді.

КІРІСТІЛІК

ӨСК

Аннуитет есептелгеннен кейін төлемдер сомасы жыл сайын 5%-ға индекстеледі. Бұдан басқа, ай сайын 32 518 теңге (алғашқы жылы) алуға және ол соманы жылдық 15%-бен (елдегі екінші деңгейдегі банктердің теңгемен депозиттеріндегі орташа кірістілік) депозитке салуға болады. Осы өлшемдер сақталған жағдайда (жарна мен жылдық % мөлшері) 2024 жылға қарай салымшының депозитінде 6 585 110 теңгеге тең сома жиналады.

БЖЗҚ

2024 жылға қарай (63 жасқа толған кезде) осы салымшының зейнетақы жинақтарының сомасы 14 816 871 теңге болады, себебі кірістіліктің аз пайызына қарамастан (бұл есепте жылдық 6% қолданылды), абсолюттік айналым көп болады. Басқаша айтқанда, жинақтар сомасы 6 616 871 теңгеге өседі.

ӨСК мен БЖЗҚ төлемдерін бутербродпен салыстыратын болсақ, бірінші жағдайда нанның бетіне сарымай өте жұқа жағылады, ал екіншісінде нанның бетіндегі сарымай қалыңдап жағылған. Бұл жерде салымшы өзіне ұнаған түрін таңдап алуға құқылы.

Әлбетте, әр адам зейнетке қаншалықты тез және қандай талаптармен шыққысы келетінін өзі шешеді. Бірақ мұндай шешім қабылдаған кезде барлығын өлшеп, дұрыс, бұрыс жақтарын салыстырып тексеру қажет. БЖЗҚ-дан ӨСК-ге зейнетақы жинақтарын (сақтандыру сыйлықақысын) аударған соң зейнетақы аннуитеті шарты күшіне енеді және алушы тек екі жыл өткен соң ғана бұза алады (басқа сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасаған жағдайда). Бұл ретте қолданыстағы заңнамада ӨСК-ден БЖЗҚ-ға зейнетақы жинақтарын қайтару көзделмеген.

*Келтірілген есептер болжаммен жасалған. Нақты деректер еліміздегі экономикалық ахуалға байланысты өзгеруі мүмкін.

Тимур РАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp