Үлкен ағам бір кеште үйленді. Ескі салт бойынша алып қашып келді. Ол кезде қазіргідей аста-төк заман емес. Екі кеште көрші-көлем, ағамның құрдастары жиналып, барымен базарлады. Жеңгеміздің басына орамал тағып, шымылдық ішіне отырғызды. Мен ол кезде кішкентаймын, менен үлкендеу әпкем мен туысқандардың ересектеу қыздары жеңгеміздің жанында отырды. Жиналған жұрт түннің бір уағына дейін тамылжыта ән айтып, қызықты ойындар ойнады.
Сол жеңгеміз өзінен кейінгі қайын інілерінің аттарын атамайтын. Үлкен қайнысын “Төрем” деп атап кетсе, одан кейінгі бойын жаңа түзеп, тебіндеп мұрты көріне бастаған бозбаланы “Сал жігіт”, ал істеген ісінен бүлдіргені көп, ойынқұмар қайнысын “Тентегім” деп атап кетті. Қайын сіңлілері – біздерді “Еркежан”, “Еркем” дейтін. Міне, содан бері менің өзім алпысты алқымдасам да, асыл жеңгем үшін әлі күнге дейін “еркесі” болып жүрмін.
Өздеріңіз байқағандай, ат қою кезінде жас келін қайын іні-сіңлілерінің мінез-құлқының, келбетінің ерекшеліктерін де дұрыс аңғарып, балама есім қоюда тапқырлық танытқан. Үлкендер келіннің ат қойысынан-ақ ақылдылығы мен шешендігіне, парасаттылығына баға беріп, құрметтеген.
Бұл бір жағынан қазіргі жас келіндерге ескіліктің сарқыншағы болып көрінер. Бірақ жаңа түскен жас келін шаңырағының үлкені мен кішісін атымен атамай, балама есім қойып жатса қандай жарасымды. Бұл тек қазақтың ибалы келіндеріне ғана тән әдемі үрдіс, бір жағынан ізеттіліктің белгісі емес пе?
Жаһанданған бүгінгі қоғамда қазақтың келіндерінің осы игі дәстүрлерімізден ажырап қалғаны өкінішті. “Заманына қарай адамы” деп бар кінәні заманға арта салу – ақталудың ең оңай жолы. Дегенмен, арамызда үлкеннің алдынан өтпей, ата салтын сақтап, үлкен-кішінің атын атамай, иіліп сәлем салып тұратын келіндер де арагідік кездесіп қалып жатады. Солардан үлгі алып, ұмыт болып бара жатқан ата салтымыздың арамызға қайта оралуына, сіз бен біз болып атсалыссақ, әрбір қазақ отбасы осы салтты ұстанып, бір-біріне ықылас білдіріп, құрмет көрсете білсе, керемет қой!
Күлзада ЖҰМАБАЙ,
зейнеткер.