Ауылда бизнесті табысты дамытқысы келетіндер жоқ емес, бар. Бірақ олардың қолы қысқа. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Ауылдық бизнесті қолдаудың көптеген тетіктері бар, соның бірі “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның облыстық филиалы жүргізетін жеңілдетілген кредиттеу болып табылады.
Қордың облыстық филиалы “Мурабаха” бағдарламасын жүзеге асыру аясында биыл 25 қарыз алушыны жалпы сомасы 100,0 миллион теңгеге қаржыландырды. Қарыздың негізгі мақсаттық тағайындалымы – жаңа негізгі қорлар (тракторлар, машиналар, құрал-жабдықтар) және биологиялық активтер (мал) алу үшін берілді. Қарыз сомасы – 33 000 АҚШ долларына дейін, кірістілік ставкасы – жылдық 11 пайызды құрайды, қарыз мерзімі – 48 айға дейін. Негізгі қарызды жабу және сыйақы жөнінде 12 айға жеңілдік кезеңі беріледі, ол өте қолайлы, сол сияқты, орақтан кейін немесе мал өткізген соң жылына бір рет кредитті жабуға болады.
Осындай мүмкіндікті Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылында тұратын “Бимурзин Т.Б.” фермерлік шаруашылығының басшысы Талғат Бимырзаұлы Бимурзин пайдаланды, ол “Мурабаха” бағдарламасының кредиттік өнімінің көмегімен жаңа Беларусь 1221.2 тракторын сатып алды. Мұндай мүмкіндік басқаларда да бар.
Диана ҚАПЕЗОВА,
“Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ облыстық филиалының менеджері.