
МӘМС бойынша аударымдар мен (немесе) жарналар түсірмеген тұлғалардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмекті алу құқығы 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылды.
Осы мерзімге дейін елдің барлық азаматтары, МӘМС қатысушы мәртебесіне қарамай, шартты сақтандырылған болып саналады және медициналық көмекті алуға құқылы. Қазір елде шамамен 16,4 миллион адам сақтандырылған. Оның ішінде 11 миллионға жуығы әлеуметтік осал топқа жатады. Олар үшін жарнаны мемлекет төлейді.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыстық филиалының баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл елімізде 1250-ден астам медициналық қызмет көрсетуші ұйыммен келісімшарт жасалды. Оның жартысынан астамы – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік. Жасалған келісімшарттардың сомасы 1,3 трлн. теңгені құрайды. Соның ішінде 877 миллиард теңге – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне, 432,5 млрд теңге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тиесілі.
Қазақстанда МӘМС жүйесі 1 қаңтардан бастап іске қосылды. Осы кезеңде тұрғындар қымбат тұратын медициналық қызметтерге тегін қолжеткізді. Компьютерлік және магнитті-резонанстық томография, ультрадыбыстық зерттеуге жүгінген тұрғындар басым. Оңалту және қалпына келтіру сынды медициналық қызметтерге де сұраныс артты.
Сурет https://shopomania.kz/ сайтынан алынды.