Өткен жылы облысымызда тоқтап тұрған 13 кәсiпорынды қалпына келтiру бойынша шаралар қолға алынып, оның 5-еуі қайтадан іске қосылған болатын. Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмысын жандандырған “КазМолТорг” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне ат басын бұрды. Компания директоры Вячеслав Котловский өткен жылы “Зенченко және К” коммандиттік еріктестігінің Петропавл қаласындағы бос ғимаратының 1635 шаршы метрін жалға алған. Бүгінде қаланың сауда нүктелерiнде “Славное” сауда маркасымен сүттi сатуды бастаған серіктестік директорының айтуынша, 49 қызметкердің еңбегінің арқасында өткен жылы 703 тонна, ал үстіміздегі жылдың қаңтар айында 80 тонна өнім шығарылған.
Барлық өнімдер негізінен Петропавл мен Астана, Ресейдің Омбы және Қорған қалаларының сауда орындарында сатылымға шығарылуда. Дегенмен, жылына 11 мың тонна өнім шығаратын қуаттылығы бар кәсіпорын шикізаттың тапшылығын сезінуде. Толық қуаттылыққа шығу үшін шикізат қажет. Облыс әкімі өңірімізде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудың нәтижесінде алдағы уақытта бұл мәселенің шешілетіндігін жеткізді.
Бұдан кейін Ерік Сұлтанов астаналық “BenchMark Consulting” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңадан ашылған тігін цехында болып, кәсіпорынның әлеуетін байқады. Алдағы аптада өз жұмысын бастағалы отырған цехта қырыққа жуық адам жұмыспен қамтылған. Мұнда жоғары білікті, тәжірибелі тігіншілер тұтынушыларға мектеп формалары мен балалардың киім үлгілерін ұсынатын болады. Кәсіпорынға заман талабына сай құрылғылар орнатылған. Серіктестік директоры Әскер Бәшеевтің айтуынша, қытайдан жеткізілген “Jack” маркалы 28 тігін машинкасы, киім пішу, әрлеу, кесу құрылғылары күніне – 200, ал айына 4400 киім үлгісін тігуге мүмкіндік береді. Сапалы маталардан тігілген дайын өнім облыс орталығынан бөлек, Астана, Қарағанды және Өскемен қалаларында саудаланатын болады.
Өңір басшысы тігіншілермен де әңгімелесті. Олар ғимараттың жылыту қазандығындағы ақаудың кесірінен жұмыс бөлмелерінің суық екендігін айтып шағымданды. Ерік Хамзаұлы бұл мәселені шешіп беруге уәде берді.
Содан кейін Ерік Сұлтанов теріден сапалы аяқкиім тігетін “Tigran” жеке кәсіпкерлігінде болып, өндіріс барысымен танысты. Кәсіпкер Виктор Петросянның цехында 70 түрлі сапалы әрі жылы қысқы аяқкиім үлгілері тігіледі. Айына 400 жұп аяқкиім жергілікті сауда орындарына жөнелтіледі. Әңгіме барысында кәсіпкерге сапалы аяқкиімнің түрлерін арттыру қажеттігін айтқан Ерік Хамзаұлы болашақта мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие алып, өндіріс аясын кеңейтуге кеңес берді.
Сапардың соңғы нүктесі Жұмысшы кентінде қойылды. Өңір басшысы мұнда көшелерді қардан тазарту жұмыстарының барысымен танысты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.