Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” Жолдауында өз өнімін экспортқа шығаратын компанияларға мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімділігін барынша арттыру қажеттігін атап көрсетіп, Үкіметке мемлекеттік индустриалық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде кешенді шаралар әзірлеуді, оның ішінде салықтық, қаржылық, әкімшілік ынталандыруды, шетелден тікелей инвестиция тарту жұмыстарын барынша жандандыруды тапсырды. Осыған орай Қазақстанның 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары аясында әрбір сала мен өңір үшін нақты мақсатты көрсеткіштер белгіленді. Бұл талаптардың халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға айтарлықтай ықпал ететін түрлі өндіріс салаларымен қатар жеңіл өнеркәсіпке де тікелей қатысы бар. Бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті отандық өнімдер шығарып, нарық көкжиегін кеңейтуге басым бағыт беріліп отырған аса жауапты кезеңде жеңіл өнеркәсіптің орны бөлек. Оның үстіне өркениетті елдерде бұл сала тауарларына сұраныс азық-түлік өнімдерінен кейін екінші орында тұрғанын ескерсек, мән-маңызы тіпті арта түседі. Жеңіл өнеркәсіптің үлесі АҚШ, Италия, Германия, Қытай, Түркия секілді мемлекеттерде 15-22 пайызды құраса, өкінішке қарай, Қазақстанда 1,2-1,5 пайызға ғана жетеғабыл. Қолдағы мәліметтерге сүйенсек, өңірдегі ахуал да көңіл көншітпейді. Олай болса, жеңіл өнеркәсіптің жүгі неге “ауырлап” кеткенін саралап көрейік.