Бірде биылғы жылдың мамыр айында республикалық теледидардың “Sport.kz” телеарнасынан ауыр атлетикадан Олимпида жеңімпазы Анатолий Храпатыйды еске алуға арналған турнирді тамашалап отырып, облысымыздың намысын қорғайтын штангашылар бар ма екен деп елеңдедім. Көп күттірмей, жарысқа 77 килограмм салмақта жерлесіміз, Мағжан Жұмабаев ауданынан Ренат Баударбеков деген спорт шебері, еліміздің құрама командасының мүшесі шығып, кілең үздіктердің күш сынасуында сағы сынбай, сынға түсті. Ақырында қола жүлдеге қол жеткізді.
Бұл дүбірлі сайысқа дейін ол Алматыда сынға түсіп, еліміздің жеңімпазы болғанына хабар барысында қанықтым да, оның жаттықтырушысы Ерік Әлібаевпен кездесуді ұйғардым. Мұның сәті жақында түсіп, редакцияға арнайы келген облыс құрамасының бас жаттықтырушысын әңгімеге тарттым.
Өзінің айтуынша, Ерік Кәрімжанұлы Мағжан Жұмабаев ауданындағы ұлы ақынның кіндік қаны тамған Сарытомар ауылының тумасы екен.
– Қара жұмыстан қашпайтын ауыл баласының шаруаға үйірсектігі менің бойымда да қалыптасқан. Сөйтіп, күреспен шұғылданып жүрдім. Бірақ былайғы өмірімде күрт бетбұрыс болды, – деді Ерік Кәрімжанұлы.
Ол әңгімесін одан әрі жалғастырғанда 1979 жылы Петропавл педагогика институтының дене шынықтыру факультетіне оқуға түскенін білдірді. Алайда, мұнда еркін күреспен одан әрі шұғылдана беруге мүлде жағдай болмайды. Себебі, спорттың бұл түрі институттың аталған факультетінде оқытылмайды екен. Сондықтан Ерік өзге жігіттер барып жүрген “Авангард” ерікті спорт қоғамының жаттығу залына келеді. Жай ғана көріп, байқап шығу үшін бас сұққан оны бапкер Михаил Дугарь көзінен таса қылмапты. Бірден қасына шақырып, ауыр атлетикамен айналысуға ықыласын аударады. Келісімін берген студент содан былай ауыр атлетика залын босатпайды.
1983 жылы университетті тамамдап, сол кездегі Возвышен ауданындағы Бастомар ауылындағы мектепте оқушыларды штанга көтеруге баули бастайды. Михаил Петровичтен және облыстың гір көтерушілерін баптайтын Николай Лаврентьевтен алған дәрісі – ерінбей-жалықпай жаттығуға ден қойған Ерік Әлібаев аздаған уақыттың ішінде ауыл балаларының күш-қуатын арттырып, жақсы жетістіктерімен өңірімізге белгілі жас бапкер атанады.
Бір өкініштісі – облысымызда ауыр атлетиканың өрісі тарылып қалғаны. Анығын айту керек, Михаил Дугарь мен Николай Лаврентьев зейнет жасына келгендіктен, белсенді спорттан қол үзетін кез келді де, олардың ізін басатын лайықты бапкерлер табылмады. Осы уақытта қаншама дарынды балаларға жөн сілтейтін жаттықтырушылардың жоқтығы жаныма бататын, – деді Ерік Кәрімжанұлы.
Бірақ ол алған бетінен қайтпайтын қайсарлықты олардан бойына “жұқтырыпты”. Ақыры оған 2007 жылы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығының тарапынан ұсыныс жасалып, ол жасөспірімдерді баулуды қолға алды.
Спортқа дарынды балалардың облыстық мектеп-интернатында ұстаздық жолды жалғастырған ол әуелі өзіне бұрыннан таныс Мағжан Жұмабаев ауданындағы мектептерден болашағынан үміт күттіретін жеткіншектерді іздестіре бастайды. Мен жоғарыда айтып өткен Ренат Баударбеков – осы ауданның Александровка ауылынан шыққан бала. Бірақ бір ғана ауданнан болашағы бар дарындарды іздеп-табу олқы екенін сезген ол басқа өңірлердің дене шынықтыру пәнінің ұстаздарымен хабарласып, облыс аумағын ерінбей-жалықпай аралайды.
Соның нәтижесінде Тайынша ауданындағы Чермошнянка ауылынан – апалы-інілі Наталья мен Анатолий Корнилюктерді, Тайынша қаласынан – Андрей Фарбаевті, Аққайың ауданындағы Трудовое ауылынан – Андрей Тарахтийді, Есіл ауданындағы Корнеевкадан – Дмитрий Головинді, Возвышенкадан Дмитрий Широковты спорт-интернатқа оқуға алдырған. Аз уақыттың ішінде бұлардың бәрі ауыр атлетикадан облыс чемпионатының жеңімпаздары болып, оның үстіне республикалық жарыстарға қатыса жүріп, спорт шеберінен үміткердің нормативіне сай нәтижелер көрсетеді.
Ерік Әлібаевтың күш-жігерінің арқасында облыстық спорт-интернатта 2014 жылы ауыр атлетика бөлімшесі ашылды. Бүгіндері оның баптауымен он тоғыз жас штангашы жаттығып келеді. Елу үш жастағы жаттықтырушының ең үлкен жетістігі – оның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әр салмақтар бойынша еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы Айдар Қазовты іздеп-тауып, баулуы. Бүгінде жиырма жасар Айдар – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетінің екінші курс студенті.
Бапкерінің айтуына қарағанда, Айдар – өте талантты ауыр атлетші. Ол 77 килограмға дейінгі салмақта сынға түсіп, республикалық жарыстардың бәрінде алдына жан салмай келе жатқан көрінеді. Ауыр атлетика мамандары жерлесімізді “Екінші Илья Ильин!” – дейді екен. Айтса айтқандай, оның қоссайыс нәтижесі қомақты. Жұлқи көтеруде 165 килограмды бағындырса, серпе көтеруде 205 килограмды төбесіне шығарады. Бапкердің айғақтағанындай, қазірге дейін біздің облысымызда Айдардан салмағы ауыр штангашылардың арасында да 200 килограмм салмақты серпе көтергендер болмапты және әлі де жоқ.
Алтыншы сыныптан бастап ауыр атлетикамен шұғылданып келе жатқан осы жас жігіттің 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында Қазақстан намысын қорғауы айтуға тұрарлықтай. Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы Алексей Нидің пікірінше, солтүстікқазақстандық Айдар Қазов қазақтан шыққан Олимпиада жеңімпазы болатын тұңғыш штангашы атануы әбден мүмкін.
Әңгімеміздің соңында болашақ жеңімпаздарды тәрбиелей білген білікті бапкердің атқарып жүрген ісіне алғысымды жеткізіп, оған жаңа жетістіктер тіледім.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Е.Әлібаев.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
