2015 жылдың 1 наурызынан бастап 1 маусымына дейінгі аралықта “Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” мемлекеттік мекемесінде ведомстволық бөлімшелер арасында өрт сөндіру бөлімінің тарихи формулярын дайындау және жүргізу бойынша байқау өтті.
Бұл іс-шараның басты мақсаты – Солтүстік Қазақстан облысында өрт күзетінің құрылу тарихын жаңғырту және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жүйесі дамуының негізгі кезеңдерін болашақ ұрпақтың есінде мәңгілікке қалдыру және жеткізу.
Байқауға облыстың өртке қарсы қызметі гарнизонының аудандық және қалалық бөлімшелері 18 жұмыс ұсынды.
Мекеме басшысы, өртке қарсы қызмет полковнигі Серік Ғайсин жетекшілік еткен құрамында аппарат қызметкерлері бар білікті комиссия қорытынды жасай келе, бірінші кезекте байқауға ұсынылған өрт сөндіру бөлімдері туралы жинаған ақпараттардың толық болуын және жұмыстардың сапалы орындалуын есепке алды. Осыған байланысты байқауға қатысушылардың арасында жүлделі орындар да анықталды. Бірінші орынды Петропавл қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің өртсөндірушілер ұжымы еншіледі, екінші орынды облыс орталығындағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі қанжығаларына байлады, үшінші орынды Тайынша ауданының (17-ӨСБ) өртсөндірушілері иеленді.
Серік Ғалымбекұлы байқаудың жеңімпаздарына салтанатты түрде грамоталар мен бағалы сыйлықтар тапсырды.
Аман ӘУЕЗХАНОВ,
“Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі” ММ мемлекеттік тіл және ақпарат тобының баспасөз қызметкері.