«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІСКЕ БАСТАР ЖОЛ

Жылды қорытындылаған Қазақстан велоспорт федерациясы Қызылжар өңірін “2019 жылдың үздік облысы” аталымына лайық деп таныды. 

Соңғы жылдары өңірде велоспорттың дамуына олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі елеулі үлес қосып келеді. Мектеп директоры Владимир Парахиннің айтуынша, әзірге елімізде қызылжарлық велоспортшыларға тең келер ұжым жоқ. 

– Біздің өңір осымен 18 жыл қатарынан велоспорт бойынша үздік облыс атанды. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Сенімнен шығу үшін көп еңбектенуіміз қажет. Велоспорттың темптік түрінен Артем Захаров, ал тасжолда Алексей Луценконың нәтижесі жоғары, олардың еңбектері бағаланғанына қуаныштымын. Біз алдағы уақытта да жеңістің бірінші сатысынан көріну үшін барымызды салатын боламыз, – дейді Владимир Алексеевич. 

Мектеп басшысының айтуынша, 1998 жылы ашылған мектеп бүгінгі күнде дарынды велоспортшылардың ұстаханасына айналған. Қазіргі уақытта 240 тәрбиеленуші жаттығады. Олардың дені – 10-17 жас аралығындағы жасөспірімдер. 12 тәрбиеленуші облыс құрамасына алынған.
Бұл жерде спортшылардың алаңсыз жаттығуы үшін бар жағдай жасалған. Жазда қала сыртындағы Мамлютка, Архангелка тасжолдарында, Борки кентінде жаттығады. Ал қыс кезінде мектептегі велотренажерларды пайдаланады. Осыдан екі жыл бұрын облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа 33 велотренажер, сондай-ақ, маунтинбайкқа арналған – 4, тасжолдағы велоспортқа арналған 4 велотренажер сатып алынған болатын.
10 жаттықтырушы нәтижелі жұмыс жүргізуде. Көпжылдық қызмет өтілі бар Владимир Овсянников, Петр Нетесов және Сергей Ишимов – жоғары санаттағы жаттықтырушылар. Ал оларға велоспорт саласына өмірінің басым бөлігін арнаған бірінші санаттағы екі және үшінші санаттағы бапкерлер көмектеседі. Бұл білікті мамандар бүгінге дейін 20-дан астам Қазақстанның спорт шеберін, бес халықаралық дәрежедегі спорт шеберін және бір еңбек сіңірген спорт шеберін тәрбиелеп үлгерген. Спортсүйер қауымға есімдері белгілі Алексей Луценко, Руслан Тілеубаев, Вадим Галеев, Артем Захаров, Жандос Бижігітов және Александр Шушемоин “Astana” клубының сапында спорт әлемінде толағай жетістіктерге қол жеткізуде. Аты әлемге мәлім ұжымды жерлесіміз, Олимпиада чемпионы Александр Винокуров басқаратыны белгілі.
Бүгінде 22 мектеп түлегі еліміздің әртүрлі жастағы ұлттық құрамаларының сапында өнер көрсетуде. Бағындырар биігі мол бұл жастардың қатары биыл тағы он қызылжарлықпен толыққаны көңіл қуантады.
– “Astana Pro Team” велокомандасының сапында өнер көрсеткен түлектеріміздің бірі – Бахтияр Қожатаев денсаулығына байланысты былтыр спорттық мансабын аяқтап, мектеп ұжымына қосылды. Қазіргі уақытта ол бір кездері өзі біліктілігін шыңдаған “Vino Astana Motors” велокомандасының менеджері болып қызмет атқаруда. Соңғы жылдары солтүстікқазақстандық велошабандоздар өңірлер арасында көш бастап келеді. Осының өзі облысымызда велоспорттың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын дәлелдейді, – деді сөз соңында Владимир Парахин.
Биыл команданың 12 велошабандозы әлемдік сайыстарға қатысып, жүлделі оралды. Команда өкілдері Малайзияда өткен “Тур Лангкави” велокөпкүндігі мен “Тour of Peninsular” сайысында, “Сербия турында”, Украинадағы “Гран-При Одессы” жарысында, “Тур де Рибас” және “Тур Алматы” додаларында, сондай-ақ, “Иран турында” сәтті өнер көрсетті.
Спорт мектебінде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер көп. Мектептің материалдық-техникалық базасын бұдан бетер жақсартса, нәтиже тіпті еселене түсер ме еді? Мысалы, бүгінде 240 бала 130 велотренажерда кезекпен жаттықса, оның 90-нының әбден тозығы жеткен. Ал мұндай құрылғылардың әрқайсысы кем дегенде 1-1,5 млн. теңге тұрады. Яғни, чемпиондар ордасына айналған мектепке қолдау қажет.

 

Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp