
Облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, үш тілді жетік меңгерген қабілетті жастарды анықтау мақсатында кезекті байқау ұйымдастырды. “Тіл шебері” атты республикалық сайыстың облыстық кезеңіне барлығы он үш үміткер қатысты. Олар – Петропавл қаласында және аудандарда өткен бірінші кезеңнің жеңімпаздары.
Аталмыш байқау барысында ұлтына, мамандығына, шұғылданатын кәсібіне қарамастан, 18 және 25 жас аралығындағы өнерлі, білімді, білікті жастар бақ сынады.
“Тілдердің үштұғырлылығы” мәдени жобасы аясында көптілділікті насихаттап, бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу бағытында жүргізіліп отырған игі шара қазақстандық рухани келісімді, бірлікті дамытып, өнерімен өрге басқан жастарға қолдау көрсетуді көздейді.
Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген үміткерлер сайыста жақсы дайындық көрсетті. Аудан намысын қолдан бермеуге тырысып баққан қатысушылар өздеріне берілген тапсырманы ерекше жауапкершілікпен атқарып, ұпай жинау үшін бар білімін айғақтады.
Байқау төрт бағыт бойынша өтті. “Ұлттаным” аталатын бірінші кезеңде сайыскерлер қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары туралы сұрақтарға мемлекеттік тілде жауап берді.
“Мәдениеттаным” – екінші кезең. Онда қазақ халқының салт-дәстүрі, ділі мен тілі жөніндегі сұрақтарға орыс тілінде жауап беріп, сынға түсті.
Тапсырмаға сәйкес үшінші кезеңде үміткерлер “Елтаным” тақырыбы бойынша сайысып, Қазақ елі, оның аймақтары жайында ағылшын тіліндегі тапсырманы орындады.
Шешуші кезеңде тіл шеберлері өздерін өнер жағынан танытуға мүмкіндік алды. Олар үйге берілген тапсырмаға сай, ел бірлігі мен халықтар достығын, қазақстандық патриотизмді насихаттайтын қарасөз, монолог, өлең не болмаса өз таңдаулары бойынша нақышына келтіре ән орындады.
Үміткерлер өнерін бағалау кезінде қазылар алқасы тілді меңгеру деңгейіне, жауаптың мазмұндылығы мен ерекшелігіне, көркем мәтінді оқу шеберлігіне ден қойды. Сонымен қатар, үш тілде орфоэпиялық тұрғыдан таза сөйлеу және сахналық мәдениет те ескерілді.
Нәтижесінде, Аққайың ауданының үш тілді жетік меңгерген үміткері Жайнагүл Айғожина жеңіске қол жеткізді.
Он үш үміткер ішінде ең көп ұпай жинап, асығы алшы түскен жеңімпаз маусым айында Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.