Қазақстанның мақтанышы Геннадий Головкин мен америкалық Доминик Уэйдтің Лос-Анджелесте өткен шайқасын әлем жұртшылығы тағатсыздана күтті. АҚШ-тың кәсіби бокс мамандары Уэйдке зор үміт артатынын ғаламтор арқылы әлемге таратты. Олардың уәжі де олқы еместі. Өйткені, Уэйд қазақстандықтан сегіз жас кіші, 26-да. Бұл кездесуге дейін он сегіз жекпе-жектің он екісін уақытынан бұрын аяқтаған. Оның үстіне, шайқас Уэйдтің Отанында – АҚШ-та өтеді. Демек, жанашырлары қазақстандықтан әлдеқайда көп болары белгілі.
Бірақ отандасымыздың жігерін жасыту оңай емесін білеміз ғой, сондықтан біз үмітімізді үкілеп, сеніміміз зор күйде көгілдір экраннан көз алмадық.
Айтқандай-ақ, Геннадий қарсыласын бірінші раундтың соңында нокдаунға жіберді. Оны сол сәтте қағылған гонг құтқарып қалды.
Екінші раунд басталысымен-ақ жойқын соққыларын қарша боратты. Бокс мамандарының Уэйдті қазақстандыққа қолайсыз қарсылас деуі тегін емес екен. Оның бойы – 189 см. Демек, қолдары әлдеқайда ұзын. Джеп әдісіне ыңғайлы. Ал Головкиннің бойы – 178 см.
Бірақ отандасымыз оның ебін тапты. Қарсыласты жақын жерден, ішке кіріп, хук (бүйірден ұру), апперкот (астынан ұрып, иектен, бастан соғу) соққыларымен екінші рет есеңгіретті. Әсіресе, Уэйд екінші раундта тағы да нокдаунға түскенде төреші есепті санап тұрып: “Ойынды жалғастыруға шамаң келе ме?” – деп сұрағанда, ол: “Келеді!” – депті. “Өз обалың өзіңе!” деген шығар, төреші рұқсат етті. Алайда, Уэйд Головкиннің үшінші апперкотына шыдай алмай, еденге сұлап түсті. Осымен жекпе-жекті тамамдаған ол Уэйдті жерлестерінің көзінше жер қылды.
Бұған дейін нокаутқа түспеген америкалық осылайша оңбай жеңілді.
Ал Головкиннің келесі қарсыласы кім болмақ? Ол әзірше белгісіз. Мамандар арасында мынадай болжам бар: Головкиннің жолын бөгеуге мексикалық Сауль Альварес үмітті көрінеді. Бірақ ол бұл үшін 7 мамырда әлемнің эксчемпионы, британиялық Амир Ханды ұтуы керек. Егер осы шайқаста оның мерейі үстем болса, Альварес осы жекпе-жектен кейін он бес күннің ішінде Головкинмен жұдырық түйістіруге даяр екендігі жөнінде Бүкіләлемдік кәсіпқой бокс қауымдастығына хабарлап, екі боксшының промоутерлері жекпе-жектің шартын, өтетін жерін, мерзімін анықтайды.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
