Облыс орталығындағы Спорт сарайында өңір велошабандоздары өткен маусымдағы жетістіктерін қорытындылады.
Қатысушыларды кезекті маусымның аяқталуымен құттықтаған облыстық велоспорт федерациясының президенті Мұхтар Игібаев өңіріміздегі велоспорттың дамуы туралы баяндама жасады. 2018 жыл жерлестеріміз үшін табысқа толы болды. Атап айтқанда, 25 спортшымыз ұлттық құрама сапына алынса, тағы үш велошабандоз “Astana Pro Team” велокомандасының құрамында өнер көрсетеді. Маусым қорытындысы бойынша Алексей Луценко Азия рейтингінде көш бастаса, Степан Астафьев үшінші орынға тұрақтады. Индонезияның астанасы – Джакарта қаласында өткен Азия ойындарында велоспорттан ел құрамасы еншілеген бес медальдің төртеуі солтүстікқазақстандықтарға тиесілі.
“Vino-Astana Motors” құрлықтық велокомандасының мүшелері де ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. Команда мүшелері ел біріншіліктерінде қанжығасына 7 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль байлады. Атап айтқанда, Александр Овсянников “Tour of Cappadocia” сайысында жалпы есепте жеңіске жетсе, Алексей Волошин доданың кезеңінде үздік үштікті түйіндеді. Евгений Непомнящий мен Арман Қамышев “Sri Lanka T-Cup” велокөпкүндігінің кезеңінде бірінші және екінші орындарға ие болды. Түркияда өткен “Gran Prix Side”, “Sri Lanka T-Cup” және “Tour de Korea” жарыстарында Степан Астафьев күміс жүлдеге қол жеткізді.
Облыс орталығындағы велоспорттан олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі тәрбиеленушілерінің де көрсеткіштері қомақты. Мектеп директоры Владимир Парахинның айтуынша, Никита Кабачек – маунтинбайктен ерлер арасында өткен ел кубогында жеңімпаз, жасөспірімдер арасында өткен республикалық чемпионатта, Азия кубогындағы екі кезеңде жүлдегер атанған. Сонымен қатар Владимир Мулагалеев, Никита Коняев, Кирилл Вагнер, Игорь Романов, Максим Сараев, Константин Дегтяренко мен Илья Кочетков тасжолда, маунтинбайк және тректен ұйымдастырылған республикалық додалардың жеңімпаздары әрі жүлдегерлері атанды.
Салтанатты шара барысында бәсі биік додаларда үздіктер қатарынан көріне білген бір топ спортшыға облыстық велоспорт федерациясы тарапынан ақшалай сыйақылар табысталды. Жиын соңында велоспортты дамыту жолындағы көп жылғы нәтижелі еңбегі үшін жаттықтырушы Сергей Ишимов Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-тәжірибелік дене шынықтыру орталығының грамотасымен марапатталды.
Дулат ҚОЖАХМЕТОВ,
“Soltústіk Qazaqstan”.