«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІСТІ ЖЫРҒА ҚОСТЫ

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебімен бірлесіп, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай жас ақындар арасында “Отан үшін от кешкендер” тақырыбында онлайн мүшәйра ұйымдастырды. Кейінгі ұрпақ арасында майдангерлердің ерлігін паш ету, карантин жағдайында халықтың жарқын күндерге деген сенімін арттыру мақсатында өткізілген додада жауқазын жырларымен көпшіліктің ықыласына бөленіп үлгерген жиырма жас сайысқа түсті.

Қазылар алқасы олардың өлеңдерін іріктеу барысында туындының тақырыбына мән беріп, байқау шартына сәйкестігін, идеялық мазмұны мен көркемдік сапасына назар аударды. Патриоттық және гуманистік бағыттағы поэзияны дамытуға бағытталған жарыстың бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша ақтық сынға сегіз үміткердің ғана өлеңдері жіберілді. Топ жарғандар өз туындыларын Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар мектебінің “Faсebook” парақшасы арқылы жариялап, дауыс жинады. Сайыс қорытындысы бойынша ең көп дауысқа ие болған қызылжарлық Аманжол Зағыпар бас жүлдеге ие болып, 100 мың теңгенің қаржылай сыйақысын ұтып алды. Бірінші орын әріптесіміз Нұргүл Оқашеваға бұйырды. Екінші және үшінші орындарға Уәлиханов және Есіл аудандарының атынан қатысқан Амангелді Оқас пен Жұмабек Рахымов лайық деп танылды.
Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты да онлайн түрде жүргізілді. Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебінің жетекшісі Жарқын Жұпархан барлық қатысушыларға ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта өңірімізде жас буын өкілдерінің шығармашылық дамуына мүмкіндік беретін түрлі жыр додаларының ұйымдастырылатынына тоқталды. “Жастардың шығармашылық ізденісіне жағдай жасау, сол арқылы ел рухын көтеретін, ұрпақтар сабақтастығын орнатуға септігін тигізетін жауһар мұра қалыптастыруды зор міндетімізге балаймыз. Бүгінде ел көлемінде ұйымдастырылып жатқан мүшәйраларда өңіріміздің абыройын асқақтатып жүрген жастар аз емес. Осы жолғы додада да замандастарымыз белсенділік танытты. Жаңа толқынның қадамдары қуантты”, – деді Жарқын Жұпархан.

 

Гүлбике КУБЕНОВА,
“Soltústik Qazaqstan”.

Сурет: https://www.youtube.com/ 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp