“Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй”, – деген Абай атамыздың өлеңі әнге құштар әрбір жанның, өнерсүйер жұртшылықтың жүрегінде жатталса керекті. Халқымыз өнерді жұтамас байлыққа, таусылмас қазынаға балап, бойында таланты бар жанды қолдап, бақжұлдызының жануына жан-тәнімен септескен. Бала кезімнен әдетке айналдырған ыңылдап ән салу қасиетімнің кейіннен мектепті бітіріп, қалаға қарай бой түзей бастағанда жанымның ажырамас бөлшегіне айналатынын сезбеген едім.
Небір дара тұлғаларды, данышпандарды өмірге әкелген қасиетті Шал ақын ауданына қарасты Балуан ауылында өткен балалақ шағым менің өнерге біртабан жақын болуыма әсер етті. Ауылдағы жиын-тойлардың көркіне айналған әкем Сайлау алты жасымда қолыма домбыра ұстатып, жеңіл-желпі күйлерді тартқызып, үйрете бастады. Сабақ ертерек бітіп, үйге барып, әкемнің жанында қазақтың тамаша күйлерін тыңдауға асығып өстім. Осылайша 8-9-шы сыныптарда мектепте өткен ән-күй сайыстарында жүлделі орындарды еншілеп, алған әрбір сыйлығымды еңбегімнің, талабымның өтеуіндей сезіндім, көзімнің қарашығындай сақтай бастадым. Жоғары сыныптарда оқып жүргенде халқымыздың адамды адалдыққа, арлы болуға, кісі ақысын жемеуге үндейтін терме-жырларын, әндерін айтуға ден қойдым. Тіпті, ауылдық, аудандық мәдениет орындарында өткен концерттерге қатысып, әкемнің үмітінің үкіленуіне септескен кездерім де көп болды. Мектепте оқып жүрген соңғы жылда, яғни бітіруші түлектің дұрыс таңдау жасайтын сындарлы уақытында ойланбастан, өмірлік мамандығымды осы сара соқпақпен байланыстыруды жөн санап, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті “Саз және педагогика” факультетінің “Музыка” бөлімін тамамдадым. Адамның жаны сүйіп, көңілі қалаған кәсібімен айналысуы жарқын болашаққа жетелейді екен. Өзім туып-өскен Балуан ауылындағы орта мектепте, кейін облыс орталығындағы қазақ мектеп-гимназиясында музыка пәнінен сабақ беріп, талантты оқушылардың танылуына жағдай жасадым.
Есімі өңір жұртшылығына таныс әнші Дәмеш Құрманкинаның “Алла берген талантты баптау – қайнаған өнердің ортасында шыңдалу” деген сөзі менің қалалық Мәдениет үйіне жұмысқа орналасуыма әсер етті. Бүгінде есімі әнсүйер қауымның жүрегінен орын алып үлгерген “Самғау” тобын құруымыз – әнші әпкеміздің қолдауының арқасында. Ел өміріндегі атаулы мерекелер сайын ұйымдастырылған концерттерде сахнаның сәніне айналып, тіпті кейде “Самғаудың” жігіттері қашан шығады?” деген тыңдармандардың лебізін естуіміз біздің қабілетімізбен қатар, еңбегіміздің жемісі деп білемін.
Кезінде ұлттық құндылығымыздан, қазақы қалпымыздан жұрдай ете жаздаған кеңес дәуірінде қазақ халқының ойы да, танымы да сол елдің мәдениетіне, ән, сөз өнерлеріне ыңғайлана бастады. Сол олқылықтардың орнын толтырып, қазақтың қылықты қыздарын, намысты жігіттерін елімізді, байтақ жерімізді сүюге үндейтін патриоттық әндерді шырқау – біздің негізгі ұстанымымыз. Біздің қалың жұртшылыққа көңіл ажарын ашатын әдемі ән сыйлауымыз, киім үлгіміз де, қасиетті сахна төрінде өзімізді ұстай білуіміз де қазақтың жігіттері деген атқа лайық болса дейміз.
Мәдениет саласының кез келген мекемесін алып қарасақ та, қызметкерлердің ай сайын алатын жалақысы көңіл көншітпейді. Алайда, сол үшін Алла берген өнерден бас тартып, өзге саланың босағасында бас сауғалап жүрген жандарды өз басым көп кездестірмедім. Керісінше, өнерім – өмірім дейтіндердің саны басым. Бұл, түптеп келгенде, өнер адамының өзгелерден ерекшелігін, даралығын айқындайды.
Ерден ҚОЖАХМЕТОВ,
“Самғау” тобының көркемдік жетекшісі.
Петропавл қаласы.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
