
Петропавлдағы бокс мектебінде алғаш рет ережесіз әуесқой жекпе-жек спорт түрлерінің бірі – “MMA”-ден қала біріншілігі өтті. “Біз жемқорлық пен балалар қылмысына қарсымыз” ұранымен өткен шарада джиу-джицу, муай тай, панкратион секілді спорт түрлерін серік еткен “Нептун”, “NAMYS”, “Бейбарыс” спорт клубтарынан және “Боец” күзет агенттігінен 11 шебер қатысты. Спортшылар 65 кг. мен 93 кг.-дан жоғары салмақ дәрежелері бойынша өнер көрсетті.
Кеште бірнеше тартысты бәсеке ұйымдастырылды. Сол айқастардың басым бөлігінде “NAMYS” пен “Нептун” спорт клубтарының спортшыларының мерейі үстем болды. Атап айтсақ, 65,8 кг. салмақтағы Қайрат Ғалихат қарсыласы Саулаубек “Қасқыр” Ақпаевтан басым түсті. Сондай-ақ, Алексей “Спартак” Кривенко мен Александр “Түлкі” Свиридов (71,3 кг.), Павел Юдаков пен Марал Мустафин (83 кг.) арасындағы жекпе-жек алғашқылардың пайдасына шешілді.
Ал аса тартысты өткен Жалғас “Арғын” Тортулов пен Олжас Шаймерденовтың (77,1 кг.) кездесуі көрерменнің жадында қалары сөзсіз. Бірінші раундтың соңында Жалғас оң қолымен өзіне қарсы жұлқынған Олжастың иегінен дәл көздеп, қарсыласын шалқасынан түсірді. Таза нокаут.
Еркін күрестен спорт шебері, жекпе-жектен ел біріншілігінің күміс жүлдегері Георгий “Грек” Харачиди мен “Боец” күзет агенттігінің өкілі, әскери қоян-қолтық ұрысының шебері Владимир Пекарский арасында болған ұрыс та аса шиеленісті өтті. Аса ауыр салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген Георгий – бірқатар дүбірлі додаларда жеңіске жетіп, өз мықтылығын мойындатып үлгерген тәжірибелі спортшы. Бастапқыда қос мықты ортаға шығып, жұлқысып, айла-әдіс жасағанымен, еш нәтиже шығара алмады. Дегенмен, партерге көшкенде балуандық тәжірибесі бар “Грек” басымдық танытып, бірнеше тәсілдер қолданып қалды. Нәтижесінде қазылардың шешімімен жеңіс Георгий Харачидиге бұйырды.
Сондай-ақ, жекпе-жектен ел біріншілігінің күміс жүлдегері, қоян-қолтық ұрыстан халықаралық жарыстың қола жүлдегері Айбас “Арыстан” Қоңқаев пен Қырғызстан Республикасының кикбоксингтен бірнеше мәрте жеңімпазы, ел біріншілігінің абсолютті жеңімпазы “Қара қырғыз” лақап атты Уғлы Мехменбаевтың арасындағы кәсіби кездесуі екі сағаттық додаға нүкте қойды. Бұл ұрыста намысты қолдан бермеген Айбас қырғызстандық спортшының қорғанысының кілтін таба біліп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Өңірімізде алғашқы рет ұйымдастырылған спорттық шараның жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдармен, грамоталармен марапатталды.
Шара соңында біріншілік аясында ортағасырлық ұрыс ережесі бойынша серілердің (рыцарьлардың) кәсіби кездесуі өтті. Қырғызстанның Бішкек қаласынан келген Николай Потрясов қызылжарлық Владимир Тороповпен семсерлесті. Кездесудің қорытындысы бойынша, Владимир Торопов жеңіске жетті.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.