«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІС РУХЫН БОЙДА ТУЛАТҚАН БАЙҚАУ

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Ардагерлердің республикалық кеңесі бастамашы болып ұйымдастырған “Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!” фестивалі өңірлерде өзінің мәресіне жетті деуге болады. Осы байқаудың аясында біздің облысымыздың да 13 ауданы мен өңір орталығында байқау қазан айынан бастап алауын тұтатып, 19 желтоқсан күні Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында қорытынды концерті жұртшылық өкілдеріне ұсынылды.

Облыс орталығын қосқанда, он төрт қойылымды сарапқа салған қазылар алқасы ақтық гала-концертке ең үздіктерді таңдап алды десек, ағат емес. Соған орай, театрға көрермендер айтарлықтай ықыласпен жиналғанын көзімізбен көрдік те.

Концерт басталар алдында театрдың екінші қабатында, негізінен, ардагерлердің ойпайымымен, шығармашылық шабытымен орындалған қолөнер бұйымдарын, пейзаждарды, жалпы сурет өнерінің түрлі жанрларындағы туындыларды тамашаладық. Алайда, бұлардың арасындағы “жүзден жүйрік шыққаны” Тимирязев ауданынан келген Марат Андағұлов екені ерекше байқалды. Оның малдың сүйегінен, әсіресе, мүйіздерінен жасаған қолтырауын, айдаһар, жылан, кесіртке мүсіндері, теңіз жәндіктері, жайын, шортан, тағы басқа балықтары қайран қалдырды.

Көрмені аралап шыққан облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров қолөнершілердің қойған бұйымдарының эстетикалық маңызын атап айтты.

Көрермендер залына тоғысқан жұртшылықты құттықтаған А. Сапаров Ұлы Жеңістің еш уақытта жадымыздан шықпайтын, тарихымыздан өшпейтін, жас ұрпақты отанды сүюге, қаһарман аталар рухына бойлататын патриоттық сезімге баурайтын қастерлі қасиетін баса айтты.

Концертте бұдан бұрын аудандарда және облыс орталығында болып өткен байқаулардың үздіктері жұртшылықты өз өнерлеріне қанықтырды. Отызға тарта әндер арқылы, соның ішінде билер де бар, бүкіл концертті тізіп шығу міндет емес, жанбаурар тартулар ұсынылды. Соғыс, майдан тақырыбында жазылған жырлар, шығарылған әндер молынан баршылық.

Бірақ өз пайымдауымша, осы гала-концертті ұйымдастырушылардың назарынан тыс қалған сынды, яки көңіл бөлмеген сыңайлы мына жайларға да назар аударғым келеді. Бұл “Біткен іске мінші көп” деген емес, күні ертең Астанаға – республикалық қорытынды сынаққа барғанда алдымыздан шығатын олқылық болуы мүмкін деген ескерту іспетті. Атап айтсам, концертте қазақтың ән-биін қосқанда, бар болғаны алты ғана сахналық шығарма орындалғаны қынжылтты. Ұлттық аспаптарымыздың үні мүлде естілмеді. Ал осынау қан майдандағы ұлы ерлік жайында қазақ ақындары жыр жазбады ма, оларға сүйеніп сазгерлеріміз ән шығармады ма?! Жалғыз Ғабиден Мұстафиннің өзі ғана Кеңес Одағының Батыры, қан майданда қаза тапқан Төлеген Тоқтаровтың ерлігіне арнаған “Жас қазақ” жырына Рамазан Елебаев шығарған “Қар жамылған кең дала қанға бөгіп” деп басталатын әнін естігенде жас шағымызда көзіміз жасқа толушы еді ғой. Мұндай жанбаурар әндер Мәншүк Мәметованың, Әлия Молдағұлованың, Мәлік Ғабдуллиннің ерліктеріне арнап шығарылып, орындалып та жүр. Он үш аудан мен облыс орталығының ардагер өнерпаздарының назарына бұлардың бірде-біреуінің түспегеніне қайран қалдым да отырдым. Осы ой үстінде өңірімізде домбырамен қосылып, ерлік тақырыбында ән шырқайтын бірде-бір ардагер болмағаны ма деп өзіме сауал да қойдым.

Енді бір айтарым, жаңағы атап өткен алты қазақ нөмірінің бірі – “Жас қалам” әні. Жастарға арналып шығарылған, әсіресе, өлеңі солғындау, сондай бір эмоциялық әсері жоқ және осы байқауға бес қайнаса сорпасы қосылмайтын мұны бағдарламаға кім енгізген?!

“Мен саған ұрлана қараймын,

Асаудай тулайды жас жүрек.

Мен сені жаныма балаймын,

Сол үшін менде бар бір тілек.

Сені артық көремін басқадан,

“Сүйем!” деп айтуға жасқанам.

Жеткізе алар ма жүректің

Жан сырын, бар сырын жас қалам” делінетін, той-томалақтарда, отбасы, ошақ қасында айтылатын әннің осындай үлкен бағдарламаға қалайша енгізілгеніне қайран қалдым. Және орындаушы үш адам жастар емес, немерелі аналар шығар да. Әлгіндей ойда отырып, осы концертті ұйымдастырып, іріктеген мамандар қандай талаппен қарағанын біле алмадым.

Айтып-айтпай не керек, азын-аулақ олқылығы бар демесең, концерт көпшілікке ұнады. Оның қорытындысында А. Сапаров қатысушыларды фестивальдың үздіктері ретінде дипломдармен марапаттады.

Ардагерлердің облыстық кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов концертке қатысушыларға ризашылық білдіріп, оларға Астанада келесі жылғы көктемде өткізілетін республикалық байқауда сәттілік тіледі.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕРДЕ: концерттен көріністер.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp