«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНАН КӨРІНІП ЖҮРМІЗ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқына арнаған Жолдауларында ұлт саулығын басты мақсаттардың бірі ретінде көрсетеді. Саламатты өмір салтын насихаттау арқылы халықтың 30 пайызын спортпен шұғылдануға тарту қажеттігін айтады. Өйткені, елдің ертеңі дені сау, рухы биік азаматтардың қолында. Бүгінде саламатты өмір салтын ұстанатын тұрғындарымыздың, әсіресе, жастардың саны артып келе жатқандығы қуантады. Осы бағытта Уәлиханов ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімі жүйелі жұмыстар атқарып, нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізуде.

Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасыры ішінде ауданымыз спорт саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Аудан аумағында қайта құрылған, күрделі жөндеу жасалған, жаңадан ашылған 141 спорт нысаны жұмыс істейді. Яғни, тұрғындардың кез келгеніне спортпен айналысуға мүмкіндік жасалған. Нәтижесінде спортпен жүйелі айналысатындардың саны барлық тұрғынның 28,6 пайызын құрайды. Жұрттың саламатты өмір салтын ұстануға бет бұруы үшін қызықты да пайдалы іс-шаралар жиі ұйымдастырылады. Үстіміздегі жылдың басынан бері ауданішілік 129 спорттық шара өткізіліп, оған 9300 адам қатысты.

Ауданда балалар және жасөспірімдер спорт мектебі мен клуб жұмыс істейді. Спорт мектебіндегі 31 топта 330 жас жеткіншек, дене шынықтыру дайындығының балалар және жасөспірімдер клубында 250 бала спортпен айналысады. Спорт мектебінде еркін күрес, қазақ күресі, футбол, хоккей, жеңіл атлетика, шаңғы тебу үйретіледі. Өткен жылы таэквандо секциясы ашылып, аудан жастары оған да үлкен қызығушылық танытты.

Спортшыларымыздың ауданішілік, облыстық, республикалық сайыстардағы жеңістерінің барлығын тізіп шығу мүмкін емес. Соның кейбіріне ғана тоқталсақ, үстіміздегі жылдың ақпан айында “Солтүстік – 2016” облыстық қысқы ауыл спорты мерекесінде шайбалы хоккейден уәлихановтықтар бірінші орынды иеленді. Одан кейін бұл спорт түрінен аудан спортшылардың басы қосылып, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған турнир ұйымдастырылды. Петропавл қаласында өткен облыстық біріншілікте қазақ күресінен ауданымыздың балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары жалпыкомандалық үшінші орынға қол жеткізді. Сонымен қатар, мамыр айында қазақ күресінен облыстық турнирде Алтынбек Аусағитов “Қызылжар барысы” атағын жеңіп алды. Биыл Ахметжан Қазымбетов атындағы стадион “Ақ бидай – 2016” облыстық жазғы спорт ойындары барысында өңір футболшыларын қарсы алды. Уәлиханов ауданының былғары доп шеберлері жүлделі екінші орыннан көрінді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” облыстық спартакиадасында біздің ауданның командасы жеке сынақтарда жақсы нәтиже көрсетті.

Тұрғындарымыз саламатты өмір салтына деген қызығушылығының арқасында бұдан да биік шыңдардан көрініп жүр.

Бауыржан СӘДУАҚАСОВ,

аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp