«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА – АЛАҢ ИЕЛЕРІ

Возвышенка ауылында жазғы “Ақ бидай – 2014” спорттық спартакиадасы өткізілді. Осы спорттық мереке қарсаңында шаруа қожалықтары басшыларының қаржылай көмегінің арқасында ауыл стадионы жөнделіп, жаңартылды.

Спартакиадаға қатысушылар спорттың волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, еркін күрес, жеңіл атлетика, шахмат, дойбы, гір көтеру, армрестлинг және жазғы президенттік көпсайыс сияқты он түрінен күш сынасты. Спорттық мерекеге ауданның барлық ауылдық округтері мен Булаево қаласының спортшылары белсене қатысты.

Спартакиаданың ашылуында сөз сөйлеген аудан әкімі Қайрат Пішенбаев бүгінгі таңда саламатты өмір салты мен ұлт денсаулығы мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті. Одан әрі ол “Ақ бидай – 2014” жазғы спорттық спартакиадасын өткізуге қолдау білдірген Возвышен ауылдық округі аумағындағы шаруа қожалықтарының басшылары И.А. Фиксельге, О.Б. Құдаспаевқа, Б.Т. Тазабековке, С.И. Дзюбенкоға, В.А. Шпаковскийге Алғыс хаттарын тапсырды.

Екі күнге созылған спорттық жарыстардың қорытындысына келсек, баскетболдан ерлер арасында Қарақоға ауылдық округінің командасы үздік шықса, әйелдер арасында Совет ауылдық округінің командасы жеңіске жетті.

Футболдан аудан чемпионы атағын Возвышен ауылдық округінің командасы жеңіп алды. Еркін күресте возвышендік балуандарға тең келер ешкім болмады. Үстел теннисінен чемпион атағын алаң иелері иеленді.

Жалпы командалық есепте “Ақ бидай – 2014” аудандық жазғы спорттық спартакиадасының чемпионы атағын 243 ұпаймен Возвышен ауылдық округінің командасы жеңіп алды. Екінші орынды 232 ұпаймен Қарақоға ауылдық округінің командасы еншіледі, үшінші орын 199,5 ұпаймен Таман ауылдық округінің командасына бұйырды.

Медет БЕКІШЕВ, қоғамдық тілші.

 Мағжан Жұмабаев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp