Даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №1 арнайы (түзеу) мектеп-интернаты денсаулығында кінәраты бар талай өреннің жолын ашып, өмірге деген көзқарасын өзгертуге пайдасын тигізіп келеді. Білім ордасында тәлім-тәрбие алып, өмірден өз жолын тапқан өрендердің қатарында жиенім Мәди де бар. Оған қолдау көрсетіп, әрдайым жақсы нәтижелерге бастаған мектептің педагогикалық ұжымына қанша алғыс айтсақ та, көп емес.
Мәди туғанынан аурушаң болды. Денсаулығына байланысты жалпы білім беретін мектептегі бағдарламаны игеру қиынға соқты. Сондықтан облыстық психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссияның шешімімен Мәдиді осы оқу орнына беруді жөн көрдік. Бұл жерде жиенім сегіз жыл білім алды. Осы уақыт аралығында ұстаздар оған сапалы білім беріп қана қоймай, түрлі спорттық секциялар мен үйірмелерге қатыстырды. Облыстық, республикалық пәндік сайыстар мен спорттық жарыстарға да қатысып, жүлдегер атанғанын үлкен мақтанышпен айта аламын. Біртіндеп оқуы жақсарып, үлгерімі, белсенділігі артып, кез келген іске жауапкершілікпен қарайтын болды. Мұны байқаған мектеп әкімшілігінің ұсынысымен комиссияның қарауынан қайтадан өтіп, жалпы білім беретін мектепке оқуға ауыстырылатын болды. Онда ауысқаннан кейін жиенім бұрынғыдай қиналған жоқ. Басқа балалармен тез тіл табысып, мектепті жақсы бағамен тамамдады. Одан кейін Петропавл құрылыс-экономикалық колледжіне түсіп, оны да үздік аяқтағанда, қуанышымызда шек болмады. Алдағы уақытта жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап жүр.
Баланы тәрбиелеуде ата-ананың да, мектептің де рөлі ерекше. Мектеп қабырғасында әр баланың ынтасы артып, өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Аталмыш оқу орнының ұстаздары мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытып қана қоймай, олардың әрқайсысын ерекше назарларында ұстайтынына көзім жетті. Олар Мәди сияқты талай баланы тәрбиелеп, жолын ашты деп үлкен сеніммен айта аламын. Бұл жерде балалар өздерін еркін ұстап, ойларын қысылмай жеткізуге дағдыланады. Атаулы мерекелерге орай іс-шаралар да ұйымдастырып, ашық сабақтар өткізеді. Яғни, біртіндеп қоғамдық өмірге араласу арқылы белсенділіктері артады. Сондықтан біздің облыста осындай мектептің болғанына қуаныштымыз.
Сайлау МҰХАМЕДЖАНОВ, зейнеткер.