«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖИЛИННІҢ ЖИҺАЗДАРЫ

Тайынша ауданында шағын несие алып, кәсібін өрге домалатып жүрген жандар аз емес. Қолдағы мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, кәсіпкер атанған азаматтың бірі – Тайынша қаласының тұрғыны Алексей Жилин. Жақында кәсіпкердің бастамасымен аудан орталығында жиһаз жасау цехы ашылды.

Осы уақытқа дейін ауданда жиһаз жасау цехы мүлдем болмағандықтан, тұрғындар жиһаз алу үшін облыс орталығына жол тартатын. Аудандағы жағдайға қанық болып, халықтың сұранысын қаперіне алған Алексей Жилин жиһаз цехын ашуды мақсат етеді. Нәтижесінде жиһаз жасауды отбасылық кәсіпке айналдырған жайы бар. Кезінде ата-анасы Евгений Александрович пен Татьяна Васильевна Свердловск қаласындағы орман техникалық институтын тамамдап, біраз жылдар Тайынша қаласында жиһаз фабрикасында жұмыс істеген. Аталмыш фабрика жабылған соң ерлі-зайыпты Жилиндер жеке кәсіпкерлік ашып, жиһаз жасауды қолға алған. Кейін ағаш өңдейтін станок сатып алып, 8 жылға жуық шеберхана ғимаратын жалдап тұрған. Бүгінде жаңадан ашылған цехта да ұлына көмек қолын созып, басы-қасында жүрген көрінеді.

Қазіргі таңда жергілікті кәсіпкердің тауарына тапсырыс берушілер аз емес.

– Мемлекет қолдауының арқасында бізге сапалы әрі сұранысқа ие жиһаз жасауға мүмкіндік туды. Шетелдік өнімнен кем түспейтін жиһаз шығарғымыз келді. Ағаш шеберлігі бастапқыда әншейін әуесқой іс болса, енді табыс көзіне айналып отыр. Бүгінде бизнесімнің көкжиегі кеңейіп келеді. Көп жағдайда бізге тапсырыс тұрақты тұтынушылар арқылы немесе таныстардан түсіп жатады. Өйткені, кез келген нәрсе көзбен көрмей, қолмен ұстамай, көңілден шықпайды ғой, – дейді кәсіпкер.

Жиһаз жасау цехына көшірілген уақыттан бастап шеберхананың құрал-жабдықтары толық жаңартылған екен. Өндіріс орнында заманауи құрал-жабдықтарды пайдалану жұмыс сапасы мен өнімділігін арттырары сөзсіз. Сондықтан жиһаз жасау ісінде алғашқы кездері қытайлық құрал-жабдықтар пайдаланылса, бүгінде италиялық станок іске қосылған.

Бұйымдарды жасауға арналған ағаш және өзге де материалдар Петропавл, Көкшетау, Астана қалаларынан әкелінеді екен. Жалпы, аталмыш цех жиһаздың түр-түрін жасайды. Олар, сондай-ақ, экологиялық таза материалдардан жасалған тауарларының сапалы әрі ұзақмерзімге пайдаға асуына зор көңіл бөлуде.

Мұндағы қондырғылардың тілін білетін, ағаштан түйін түйген шеберлер де бар. Бүгінде жиһаз цехында еңбек ететін 14 жұмысшыға барлық жағдай жасалыпты. Асүй, жуынатын бөлме, демалыс бөлмесі де қарастырылған. Тайынша қаласының тұрғыны Светлана Шинкарук аудан тұрғындары үшін аталмыш жиһаз цехының ашылуы қуанышты хабар болғанын айтып, мұнда жасалатын өнімдердің сапасы облыс орталығындағы кәсіпорындарда жасалатын жиһаздардан кем еместігін, бағасының да қолжетімді екенін жеткізді.

Алексейдің алдағы мақсаты – кәсібін кеңейтіп, жаңа жұмыс орнын ашу. Осылайша кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп отырған мемлекеттік бағдарламалар бүгінде ауылдық жерде тұратын, қолында қажетті қаражаты болмаса да, тиімді жобалары бар іскер адамдар үшін таптырмайтын мүмкіндік болып отыр.

Айгүл ТӘШЕТОВА,

журналист.

Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp