Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жеке зейнетақы шотын ашудың жеңілдетілгеніне бір жыл болды. 2019 жылдың 8 қаңтарынан бастап жеке зейнетақы шотын ашу үшін зейнетақы қорының кеңсесіне барудың қажеті жоқ. Зейнетақы шоты жоқ адамдарға алғашқы жарна келіп түскен сәтте шот автоматты түрде ашылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасына тиісті өзгерістер енгізілген.
Автоматты түрде ашылған жеке зейнетақы шотының жай-күйі туралы мәлімет алу үшін иесі қор кеңсесіне өзі келуі керек. Алайда зейнетақы шотынан ақпарат алудың ыңғайлы тәсілін іздесеңіз, қордың сайтына тіркеліп, зейнетақы жинақтарыңыздың жай-күйін жеке кабинет немесе мобильді қосымша арқылы бақылай аласыз. Сонымен қатар жеке кабинетте зейнетақы туралы, зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткіштерді, шарттардың мәліметтерін және басқа да ақпараттарды көруге болады.
Жеке кабинет ашу үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кез келген кеңсесіне немесе «Қазпошта» АҚ бөлімшесіне барып, шоттан ақпарат алу тәсілін өзгертуге өтініш беру қажет. Қор қызметкері enpf.kz сайты және мобильді қосымша арқылы жеке кабинетке тіркелуге көмектеседі. Егер электронды цифрлық қолтаңбаңыз болса, қор сайтының жеке кабинетінде ақпарат алу тәсілін өзіңіз өзгерте аласыз.
Жұлдыз ӘЛНӘЗІРОВА,
“Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ облыстық филиалының бас маманы.